Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сүлеймен Демирел атындағы университетке барып, жас ғалымдармен және студенттермен кездесті, сондай-ақ университеттің инновациялық жобалары мен білім беру бастамаларымен танысты.
Сүлеймен Демирел атындағы университет түрлі халықаралық студенттік қауымдастығы бар ірі оқу орны. Мұнда 8500-ден астам студент, оның ішінде түрлі елдерден келген студенттер 500-ден астам профессорлардан білім алады.
Мемлекет басшысына университетте қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және IT салалары бойынша жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, ғылыми зертханалар жұмыс істейтіні туралы баяндалды. Бұдан бөлек, университет шетелдік 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан, сондай-ақ Erasmus бағдарламасына, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға қатысты басқа да жобаларға қатысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас оқытушылармен, ғалымдармен, студенттермен әңгімелесу барысында білім беру жүйесіне озық әдістерді енгізу маңызды екенін ерекше атап өтті. Президент сондай-ақ Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, студенттер мен жас ғалымдарды осы үдерісте белсенді рөл атқаруға шақырды.