Қаржы министрлігі бизнесті тексеруге мораторийді алып тастауды ұсынды
Қазақстанның Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың пікірінше, кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда.
Трансферттік баға белгілеу жөніндегі заңнаманы одан әрі жетілдіру жоспарлануда. 2020 жылдан бастап енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендетті. Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жалтаруға мүмкіндік ретінде қабылдады. Осыған байланысты микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз, — деді Қаржы министрлігінің басшысы Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған шара мемлекеттік бюджет кірісінің ұлғаюына мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Мемлекет басшысы шағын бизнесті тексеруге арналған үш жылдық мораторий туралы жарлыққа қол қойған болатын. Ол жергілікті атқарушы органдарға 2020 жылдың 1 қаңтарынан 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін субъектілерге бару арқылы профилактикалық бақылау мен қадағалауды тоқтатуды тапсырды.