Қарағандыда өндірілген «Спутник V» вакцинасы Қазақстанның медициналық мекемелеріне жеткізіледі

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қарағанды фармацевтикалық кешені (ҚФК) базасында «Гам-КОВИД-Гак» («Спутник V») вакцинасының өнеркәсіптік өндірісі барысын және ел өңірлеріне вакциналарды жеткізілуін тексерді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандық фармацевтикалық кешенде вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі қысқа мерзімде жолға қойылды. Бүгін Қазақстанның барлық өңірлеріне «Гам-КОВИД-Гак» вакцинасының 90 мың дозасы жөнелтіледі. 2021 жылғы наурызда 150 мың дозасын өндіру жоспарланып отыр, ал сәуір айынан бастап 600 мың дозаға дейін жеткізіледі. Осылайша, халықты жоспарлы түрде COVID-19-ға қарсы вакцинамен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етеміз», — деп атап өтті вице-премьер Е.Тоғжанов.

«СК-Фармация» ЖШС мен Ресей тікелей инвестициялар қоры (РФТИҚ) арасында жасалған өзара түсіністік туралы келісім аясында препаратты сынаудың барлық кезеңдерінен өткеннен кейін 5 млн дозаға дейін арттыру мүмкіндігімен 2 млн-нан астам вакцина дозасын жеткізу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 11 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен РФ Президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескенде пандемияға қарсы күресте ынтымақтастықты жандандыру соның ішінде ҚР аумағында бірлесіп вакцина өндірісін ұйымдастыру жөніндегі жоспарларды талқылады.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жұмыс тобын құрды, оның құрамына ҚР ДСМ, РФТИҚ салалық ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ҚФК мамандары кірді. Қысқа мерзімде технология трансфері жүргізіліп, өндірісті дайындап, қызметкерлерді оқыттық. Бүгін біз Қазақстан Республикасында «Спутник V» вакцинасының толыққанды өндірісін іске қоссамыз», — деп атап өтті А. Цой.

«Біздің алдымызға қысқа мерзімде ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісін бастау міндеті қойылды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі 4 желтоқсанда технология иесі – РФ-ның «Ресей тікелей инвестициялар қоры» мемлекеттік компаниясымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды және 13 желтоқсанда бізге дайын өнімнің валидациялық серияларын өңдеуге арналған субстанция берді», — деді ҚФК бас директоры Сергей Барон.

2020 жылғы 4 желтоқсанда РФТИҚ ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен ынтымақтастық туралы келісім жасасты және 2020 жылғы 13 желтоқсанда «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС 6 мың доза көлемінде препараттың тәжірибелік сериясын өндіру үшін субстанция алды.

2020 жылғы 24 желтоқсанан бастап 2021 жылдың 21 қаңтарына дейін вакцина Н.Ф.Гамалея атындағы ЭМҰЗО-да бірнеше рет сапа бойынша сынақтан өтіп, 2021 жылдың 15 ақпанында ол ҚР-да тіркелді.

Добавить комментарий