Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматыда екі диспетчерлік қызмет енгізілгенін хабардар етті. Оңтүстік елордада екі бірыңғай байланыс нөмірі пайда болады. 112 нөмірі құтқару, полиция, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері үшін бірыңғай болады. Диспетчер алынған ақпаратқа сүйене отырып, шақыру бойынша бірден тиісті қызметті, қажет болған жағдайда бірнеше қызметті көмек көрсетуге шақырады.
Әкімнің айтуынша, бүгінде деректер базасын интеграциялау және ТЖ туралы ескерту мен әрекет ету жүйелерін цифрландыруды кеңейту бойынша жұмыс жүруде.
Қауіпсіздіктің дәстүрлі жүйелерінен зияткерлік жүйеге көшу жүріп жатыр.
«Алматының Құтқару қызметі базасында Бірыңғай кезекші — диспетчерлік «112» қызметі (БКДҚ) іске қосылатын болады, ол американдық «911» қағидаты бойынша жұмыс жасайды, яғни полицияға, жедел жәрдемге және өрт сөндіру қызметіне түскен барлық қоңыраулар орталықтандырылған өңдеуден өтетін болады. Қазір қиын жағдайға тап болған кезде қала тұрғындары түрлі қызметтерге қоңырау шалады. Кейде полицияға және жедел жәрдемге қоңырау шалуға және жағдайды түсіндіруге уақыт кетеді», — деді әкім.
Шұғыл қызметтің «112»нөмірін теру арқылы адам парамедик диспетчердің басқару пультіне қосылады, ол сигналды басқа арнайы қызметтерге жібермейді, күрделі жағдайды өзі саралайды. Соның арқасында түскен өтініш жедел қаралып, көмек көрсету үшін қажетті қызметтер дереу жіберіледі.
Коммуналдық және апаттық қызметтерге жүгіну үшін бірыңғай байланыс орталығы құрылады.
«Қаланың коммуналдық қызметтерінің апатты қызметтеріне түсетін сигналдарды өңдеу мен өтініштер жүйесі модернизацияланады. 2022 жылдың аяғына дейін «109» Бірыңғай байланыс орталығының жобасы барлық коммуналдық қызметтерді біріктіретін болады. Жоба ақпаратты жедел бақылауға және қала тұрығндарына сапалы ақпарат беруге әрі апатты жағдайларды дереу жоюға мүмкіндік береді. БКО — 109 қызметін ұйымдастыру аясында 13 коммуналдық ұйымдардың колл орталықтары біріктіріледі, олар — «Алматы жылу желілері», «Алматыэнергосбыт», «ҚазТрансГаз-Аймақ», «Алматы Су», «Алматы Қалажарық» және басқалары», — деді Сағынтаев.
Болашақта Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесін БКО-109-бен біріктіру күтілуде, сонымен қатар БҚДҚ-112 жобасымен бірыңғай платформа құрылатын болады.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тағы бір жоба Бірыңғай бейне бақылау жүйесі (БББЖ) болады. Ол бірқатар бейнебақылау жүйелерін біріктіреді. Мысалы, «Сергек» жүйесінің 2 мың камерасы бар бейне ағынын нақты уақыт режимінде қалалық трафикті бақылау үшін пайдалануға болады. Бұл ақпарат кейіннен «Яндекс Навигатор», «2ГИС» сияқты жол-навигациялық жүйелері және «ақылды» бағдаршамдар жүйесі үшін мәліметтер көзіне айналады.
«Қауіпсіздікті бақылау үшін әр түрлі объектілерден камераларды Бір жүйеге біріктіру жоспарланған. Түскен мәліметтерге сәйкес видеосараптама жасалады, мұнда түтін, өрт, түрлі заттар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар,іздеуде жүргендердің киімі, жынысы негізге алынады», — деп хабарлады әкім.
Б. Сағынтаев қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі болып табылатынын атап өтті, өйткені алматылықтардың өмір сүру сапасын жақсарту басты бағыт әрі ол жалғасатын болады