Алматыда өткен демалыс күндері полицейлер сауда орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарлама берген екі азаматты ұстады. Polisia.kz жариялаған ақпаратқа сәйкес, ұсталғандардың бірі 1955 жылы туған ер адам.
Зейнеткер Бостандық ауданындағы сауда орталығына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама берген. Полицейлер ақпаратқа жедел әрекет етіп, ізін суытпай зейнеткерді ұстады.
Екінші күдікті 32 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Ол бұзақылық ниетпен Алматының Түрксіб ауданындағы коммерциялық нысанға «жарылғыш зат қойылғанын» хабарлады. Полиция бұл жігітті де ұстады.
Алматы полициясы азаматтарға жарылғыш зат қойылғаны және терроризм актілері туралы көрінеу жалған хабарламалар жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік барын еске салды.