Желіде белгісіз ер адамның басына тапанша кезеп, кейін оны аяусыз ұрып-соққаны көрінетін видео тарады. Видеодағы ер адам қылмыстық әлемнің серкесі Дикий Арманға ұқсайтынын айтуда.
Әлеуметтік желіде қылмыс әлемінің серкесі Дикий Арман деген лақап атпен танымал Арман Жұмагелдиевке ұқсас ер адамның видеосы пайда болды.
Видео қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматыдағы қонақ үйлердің бірінде түсірілген.
Видеода белгізір адамдар Арман Жұмагелдиевке ұқсас адамның алдына әлдекімді алып келіп, оны тізерлетіп қойып, кейін орындықта отырған криминалды авторитет оның басына тапанша кезегені көрінеді.
Қысқа әңгімеден кейін олардың жанында бақылап тұрған бірнеше жігіт тізерлеп тұрған адамды ұрып-соға бастайды.
Еске сала кетейік, 7 қаңтарда Алматыда Дикий Арман деген лақап атпен танымал қылмыстық авторитет ұсталған болатын. ҚР ІІМ Жұмагелдиевпен бірге қылмыстық топ мүшесі деген күдікпен бес адам ұсталғанын хабарлады.
«Жеке тінту кезінде серіктестерімен қала ішінде қозғалған броньдалған автокөліктен атыс қаруының арсеналы: түрлі маркалы және калибрлі төрт жартылай автоматты тапаншалар, олардың оқ-дәрілері, суық қару, газ гранаты және әскери броньдалған кеудеше тәркіленді», — деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Дикий Арман Қазақстанға былтыр желтоқсанда шетелден келіп, 5-6 қаңтардағы қайғылы оқиғалар кезінде Алматыда болған.