Қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов әлеуметтік желілердегі парақшасында ведомствоның қаладағы патрульдік полицейлердің санын көбейтіп, оларды электросамокатпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Автокөлік патрульдері мен жаяу патрульдер қаланың орталық көшелерінде ғана емес, сонымен қатар, тұрғын үйлердің аулаларындағы жедел жағдайды бақылайды. Жаяу патрульдер санының көбеюі қаланың барлық аудандарында қылмыстың төмендеуіне әсер етті. Бір ғана мысал, “Жұлдыз-1,2″ шағынауданында. Лаврентьев — Наманган — Ахметова — Закарпатья көшелеріндегі Түрксіб ауданындағы №94 патрульдік аймақта 2019 жылы 93 қылмыс тіркелді», — деп жазды Таймерденов.
Оның мәліметінше, 2020 жылы қоғамдық тәртіпті қорғауға қосымша 1 автокөлік және 3 жаяу патруль бөлінген, сонымен қатар, модульдік пост бар. Автокөлік патрульінің бұл аймақты айналып өту уақыты 50 минуттан 30 минутқа дейін қысқарды.
«Нәтижесінде, модульдік пост пен патрульдің мұқият жұмысының арқасында бұл аймақтағы құқық бұзушылықтарды тіркеу 31% төмендеді, ал ашылу 54% дейін жақсарды, соның ішінде «ізін суытпай». Қабылданған шаралар өздерінің тиімділігін көрсетті. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», — деп жалғастырды департамент басшысы.
Ол патрульдік қызметтерді жабдықтау үшін қала әкімінің қолдауымен онлайн режимде жедел жағдайды қашықтықтан бақылауға, аудио және бейне түсіруге, заңға қайшы әрекеттерді құжаттауға және нарядтардың қызметін бақылауға мүмкіндік беретін соңғы буынның жаңа бейнетіркеуіштері сатып алынғанын атап өтті.
«Жазда біз саябақтардағы, скверлердегі және жаяу жүргіншілер аймақтарындағы жаяу патрульдер санын көбейтуді болжап отырмыз, соған байланысты тағы 50 нарядты жаяу патрульге ауыстыру жоспарланып отыр. Біз, сондай-ақ, осы патрульдерді электросамокаттармен жабдықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл орайда орталық көшелердің кептелісі жағдайында қылмыс немесе жол-көлік оқиғасы болған жерге уақытылы жету туралы сұрақ туындайды. Бұл мәселені шешу үшін біз патрульдік полицияны мотоцикл құралдарымен жабдықтауды ұсынамыз», — деп түйіндеді сөзін Таймерденов.