Алматыда Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы ашылады

Ашық дереккөздерден белгілі болғандай, Ұлттық музейдің директоры, бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда Нью-Йорк киноакадемиясының филиалы ашылатынын мәлім етті. Ол Алматыда оқу орны үшін ғимарат салу жоспарланып отырғанын хабарлады. Академия студенттері бір жарым жыл Алматыда, бір жарым жыл АҚШ-та білім алады деп болжануда.

«Алматыда «New York Film Academy» филиалының ғимараты салынады. Оқу орны «Қазақ киносы мен TV академиясы» деп аталады», — деді Мұхамедиұлы.

Онда ТВ режиссурасы, актерлік шеберлік, продюсерлік, фотография, графикалық дизайн және басқа да шығармашылық мамандықтар оқытылады.

Рұқсат құжаттары мен лицензияларды алу қалды.

«Келіссөздер басталғалы бір жарым жыл өтті, көптеген құжаттарды жинау талап етілді. Бағдарлама дайын. Қазіргі таңда біз үкіметке арнайы хатты жолдадық. Енді үкіметтің шешімі мен Білім және ғылым министрлігінің лицензиясын алу қалды», — деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Академия Қазақстандағы филиал ретінде орналасады, бітірушілерге дипломдар NYFA үлгісінде болады.

«Оқуды тәмамдағаннан кейін түлектерге New York Film Academy дипломдары беріледі. Тағы бір жағымды жайт, Қазақстанда филиал ашылғаннан кейін Американың ірі кинокомпаниялары бізге келе бастайды. Бізде шет елдерден келетін студенттер ағыны артады. Біз Орталық Азия елдері арасында бірінші болып академия ашамыз, Мұғалімдердің 90 пайызы АҚШ-тан болады», — деді Ұлттық мұражай директоры.

Қазақстандық филиалға Үндістан, Түркия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Таяу Шығыс елдерінен студенттер келеді деп күтілуде.

Қазақстандық режиссерлер Айсұлтан Сейітов, Фархад Шәріпов, Қанат Бейсекеев, Олжас Нұрбай New York Film Academy түлектері екені белгілі.

Атап өтілгендей, «New York Film Academy» өз филиалдарын Парижде және Флоренцияда ашты.

Добавить комментарий