Алматыда көшелерді немен өңдеп жатқаны белгілі болды

Алматыда эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты, екінші қарашадан бастап дезинфекциялық жұмыстар қайта басталды. Көппәтерлі тұрғын үйлердің кіреберістері мен ортақ пайдаланылатын орындарын зарарсыздандырады.

Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Отыншиев дезинфекциялау үшін қандай құралдарды пайдаланатынын және аптасына қанша рет өткізілетінін айтты.

Белгілі болғандай, дезинфекциялау үшін бактерияларға, вирустарға, саңырауқұлақтарға қарсы тиімді және МЕМСТ 12.1.007.76 бойынша қауіптілігі ІІІ сыныпты орташа қауіпті заттарға жататын және қауіптілігі төмен заттардың IV сыныбына концентрат түріндегі ингаляциялық әсер ету бойынша құралдар пайдаланылады.

«Дезинфекциялық өңдеу үшін «Акма-хлор», «Хлор-ал», «Алма-Экстра», «Глюзамин», «Септохим», «Сан-лайт», «Concept Surface», «Септолит форте» және «Септолиз әмбебап» — бұл ҚР санитарлық-гигиеналық талаптарына сәйкес келетін отандық өндірістің тексерілген препараттары. Сондай-ақ, олар өндіріске, сатуға және пайдалануға рұқсат етілген препараттардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген. Бұл препараттар жергілікті тітіркендіргіш әсері жоқ және адамдар мен жануарларға зиян келтірмейді», — деп сендірді Мейіржан Отыншиев.

Сонымен қатар, «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалы мердігерлік ұйымдарды алдын ала хабардар етпей, өңдеу кезінде пайдаланылатын дезинфекциялау құралдарының сынамаларын іріктеп отырады.

«Зерттеу хаттамасына сәйкес, белсенді зат құрамының нормативтік көрсеткіші нормаларға сәйкес келеді. Сондай-ақ, күн сайын шамамен 800 мың шаршы метр жаяу жүргіншілерге, көшедегі қоқыс жәшіктеріне, орындықтарға және басқа да көше нысандарына дезинфекциялық өңдеу жүргізіледі. Өңдеу алғашқы жауын-шашынға дейін жүргізіледі», — деп толықтырды Отыншиев.

Добавить комментарий