Finbet букмекерлік фирмасының басшылығына қатысты жедел-тергеу әрекеттері барысында олардың Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғандығы туралы дәлелдер жиналды. Сот тағылған айыптарды негізді деп есептеп, үкім шығарды.
Бұл туралы ҚР Агенттігінің Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті хабарлады. Заңсыз қызметтен түскен кіріс сомасы 300 млн теңгеден асты. Құмар ойындарына ақша салу Алматы мен Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар облыстарында орналасқан 43 кеңседе жүргізілген.
Сот үкімімен үш айыпталушы аса ірі мөлшерде табыс алумен заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімі бойынша екі ұйымдастырушыға шартты түрде 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі, ал біреуіне 2,4 млн.теңге сомасында айыппұл түріндегі жаза тағайындалды.
Қылмыстық іс бойынша 100 млн. теңгеден астам сомаға ақша қаражаты мен басқа да мүліктер тәркіленді. Бұдан бұрын хабарланғандай, 2019 жылғы желтоқсан айында құқық қорғау органдары Finbet букмекерлік кеңсесіне тиесілі мекемелерді тінту және ұстауға бағытталған ауқымды арнайы операция жүргізген болатын.