Алматы облысындағы саяжайларға елді мекен статусы беріледі

Алматы облысындағы саяжайларға елді мекен статусын беретін механизм іске қосылады

Екі-үш жыл ішінде саяжайлар елді мекен статусын алады, деп мәлімдеді облыс әкімі Қанат Бозымбаев.

Алматы облысында саяжайлық бірлестіктер мен бау-бақша серіктестіктеріне елді мекен статусын беретін механизм әзірленеді. Бұл туралы облыс әкімі Қанат Бозымбаев халықпен кездесу барысында мәлімдеді.

Бұл механизм Алматы агломерациясында тұратын 183 мыңнан астам адамның аса өзекті мәселелерінің шешілуіне септігін тигізеді.

Облыс бойынша барлығы 705 саяжай алабы бар, олардың 189-ында 200-ден астам адам тұрақты тұрады. Ең көп адам қоныстанған саяжайлар Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан.

Қанат Бозымбаев саяжай тұрғындары қажетті инфрақұрылымға қол жеткізу үшін, бұл ең алдымен мектептер, балабақшалар, ауруханалар, жолдар мен көшелерді жарықтандыру, орталықтандырылған ауызсу мен табиғи газ болғандықтан саяжайларға елді мекен статусын беру мәселесін шешу керектігін атап өтті.

«Осы мәселені мен ел Президентіне, үкімет басшысына жеткіздім. Соған сай қажетті қолдау мен мақұлдау алдық. Қазір әрбір ауданға бас жоспарды түзету мен толық жоспарлаудың жобасын жасау үшін шамамен 500-700 миллион теңге көлемінде қаржы бөліп отырмыз. Осыған орай бас жоспарларды пысықтау жөніндегі ауыр жұмыстарды биыл аяқтаймыз деп ойлаймын. Келер жылы егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларымен айналысамыз. Одан соң республикалық бюджеттен қаржы алу үшін өтініш беріп, жетіспегенін жергілікті бюджеттен бөлдіреміз. Соның арқасында 2-3 жылдың көлемінде саяжайлар елді мекен статусын алады. Бұл мәселе осы уаққа дейін мүлде шешілмегенін ескерсек, межеленген мерзімге шыдауға болады», — деді облыс әкімі.

Добавить комментарий