Алматы облысында мас бұзақылар ерлі-зайыптыны соққыға жықты

Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Қасымбек ауылында үш жас жігіт ерлі-зайыптыны соққыға жыққаны туралы ақпарат тарап жатыр. Олардың осындай қадамға баруына үй иесінің жігіттердің біріне жасаған ескертуі себеп болған. Полициядағылар ақпаратты растады.

Жәбірленушілердің қызының айтуынша, жас жігіт үйдің қоршауының жанында дәрет сындырған, соны көрген қыздың әкесі оны қуып жібермек болған.

«Әкем көліктен шығып, оны қуа бастады, кейін үш жігіт жабылып кетті. Көк футболкадағы, сұр футболкадағы және ақ футболкадағы үш жігіт оны соққының астына алды, сосын анам араша түспек болғанда, оны да ұрып-соғып, атып тастаймыз деп қоқан-лоқы көрсете бастады», — делінген әлеуметтік желіде жарияланған жазбада.

Нәтижесінде бұзақыларды қуып жібермек болған ерлі-зайыптының миы шайқалып, түрлі жарақат алды.

Алматы облыстық полиция департаменті төбелес болғанын растап, Қасымбек ауылының үш тұрғыны ұсталғанын хабарлады. Күдіктілер 22-24 жас аралығында екені анықталды.

«Медициналық куәландыру көрсеткендей, ұсталғандардың екеуі мас болған», — делінген Алматы облыстық ПД хабарламасында.

Енді үш жігітке бес мың АЕК (14,5 млн теңге) айыппұл салынады, не түзеу жұмыстары, не 1 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не болмаса бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады.

Добавить комментарий