Алматы облысында бес баланың анасы қайтыс болды. Хабарланғандай, ол медициналық қызмет алу үшін перзентханаға жүгінген, алайда, медициналық қызметтер салғырт жүргізілген. Нәтижесінде босанған әйелдің өліміне жол берген үш дәрігер сотталды.
2018 жылдың қазан айында Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы орталық аурухананың перзентханасында 5 баланың анасы 35 жастағы әйел босанғаннан кейін қайтыс болды. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі бойынша «Медицина немесе фармацевтика қызметкерiнiң кәсiптік мiндеттерiне ұқыпсыз қарауы немесе адал қарамауы салдарынан оларды орындамауы, тиiсiнше орындамауы, егер бұл әрекеттер абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған болса» бойынша іс тіркелді.
Алғашқы сот 2020 жылдың 27 шілдесінде өтті. Алайда апелляциялық шағым қаралғаннан кейін Алматы облыстық сотының Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 24 қарашада іске нүкте қойды.
«Сот үкіміне сәйкес 63 жастағы дәрігер-хирург екі жылға бас бостандығынан айырылды. Оған көмектескен 33 жастағы акушер-гинеколог дәрігерге үкімді орындауды бес жылға кейінге қалдыра отырып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екінші 31 жастағы акушер-гинекологқа жазасын өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау орната отырып, шартты түрде 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, үш дәрігер де бір жыл мерзімге дәрігерлік жұмыспен айналысу құқығынан айырылды, жәбірленушінің мүддесі үшін 5 миллион теңге моральдық залал өндірілді», — делінген хабарламада.
Қаза тапқан әйелдің күйеуі Радулин Самиевтің айтуынша, оның жұбайы төрт баласын дүниеге әкелген соң бесінші перзентті өмірге әкелу үшін перзентханаға келді және дәрігерлердің салғырттығынан қайтыс болды.
«Мен қатты алаңдадым, кінәлілер жазаға тартылғанша балалардың көзіне қарай алмадым. Іс бойынша соттың әділ шешімін мен ғана емес, барлық аудан тұрғындары күтті», — деді ол.