ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Алматы облысы жұмыс сапары аясында агроөнеркәсіптік кешенді, сондай-ақ өңірдің басқа да экономика салаларының дамуын тексерді.
Сонымен қатар, Премьер-Министр жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруды бастап берді.
Іле ауданының «Береке» индустриялық аймағында Үкімет басшысы «FRUIT ART» ЖШС экспорттық жеміс-жидек кластерінің инфрақұрылымын салуды бастап берді», — деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Бірінші кезеңде инвестициялардың жалпы көлемі 34 млрд теңгені құрайды, оны 2022 жылы пайдалануға беру көзделген.
Өнімді өндіру және қайта өңдеу ЕО және АҚШ елдерінің инновациялық технологиялары бойынша жүзеге асырылатын болады. 500 тұрақты және 7 500 маусымдық жұмыс орны ашылады. Жобаны іске асыру елдің импортқа тәуелділігін алма бойынша 5%-ға, жидектер бойынша 100%-ға төмендетуге жол ашады. Ішкі нарыққа жеткізумен қатар, кәсіпорын өнімдері шетелге, оның ішінде Еуропалық Одақ елдеріне экспортталатын болады.
Қапшағай қаласында Үкімет басшысы теңіз балығын өсіретін «Оспанова Девелопмент» ЖШС балық өнеркәсібі кешенін салу жобасының іске асырылу барысын тексерді. Жобалық қуаты жылына 10 мың тоннаға дейін балықты құрайды. Жобаның құны – 67,3 млрд теңге, бірінші кезеңді іске асыру мерзімі – 2022 жыл.
Премьер-Министрге Алматы облысында 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған қант саласын дамыту жоспарлары туралы баяндалды. Суармалы жерлерді кеңейту есебінен қант қызылшасының егіс алаңдары 3,3 есе 53 мың гектарға дейін ұлғайтылады.
Үкімет басшысына жалпы халық саны 220 мың адамды құрайтын Алматы қаласының төрт серіктес қаласы құрылысының жобасы — «G4 City» таныстырылды. Бірінші кезеңде 2370 га аумақта жобалық халық саны 60 мың адамды құрайтын 1,4 млн шаршы метр тұрғын үймен «Gate City» салынады.
Мамин қуаты жылына 60 мың тонна жем-шөпті құрайтын «SSA Feed Mills» құрама жем зауытының жұмысын бастап берді. Жоба құны – 4,7 млрд теңге. Өнімнің 55%-ы ішкі нарыққа бағытталады, 45%-ы шетелге экспортталатын болады.
Қарасай ауданының Абай ауылында Премьер-Министр иммунобиологиялық препараттар шығаратын «Антиген» ҒӨК» ЖШС жобасымен танысты. Сондай-ақ кәсіпорын алаңында айына «QazVaс» вакцинасының 1 млн дозасына дейін құю бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес келетін желі ұйымдастырылған.
«Көлсай көлдері» және «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи парктерін аралау барысында Премьер-Министрге Алматы облысында туризмді дамыту шаралары туралы баяндалды.