Алматыда полиция қызғалдақтарды нарық бағасынан төмен бағада сатуды ұсынып, бірнеше адамды алдап кеткен алаяқты ұстады. Жәбірленуші алты қала тұрғыны алаяқтық туралы арыз жазды, қазіргі уақытта полиция ұсталған адамның басқа да осындай оқиғаларға қатыстылығын тексеруде.
Полицияның хабарлауынша, 35 жастағы алматылық интернет сайттарында қызғалдақ гүлін нарық бағасынан төмен бағада сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Аңғал азаматтар гүлдерге жаппай тапсырыс беріп, ақшаны сатушының шотына аударған.
«Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысында күдікті қамауға алынды. Оның жеке басы бұрын жасалған осыған ұқсас эпизодтарға қатысы бар-жоғына тексеріліп жатыр», — деп хабарлады Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы Дидар Аханов.