Алматыда қаржы пирамидасын құрды деген күдікпен оның директоры ұсталды. Бұған дейін аталған қылмысқа қатысы бар үш адамның ұсталғаны хабарланған болатын.
Әңгіме қаржы пирамидасын ұйымдастырған «Mudaraban Capital» компаниясы туралы болып отыр. Бұл туралы Алматы полиция департаменті бастығының тергеу жұмыстары жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
40 жастағы ер адам Алматы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Биыл сәуір айында Алматы қалалық полиция департаментіне бір топ азамат қаржы пирамидасын құру және басшылық ету фактісі бойынша «Astex.kz» және «ACD technology» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты ұжымдық арызбен жүгінген.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында 2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажетті қаржы қаражатын тарту үшін бірлескен қызмет туралы шарттар жасасқаны анықталды. Екіжақты құжатқа сәйкес, фирмалар салынған салым сомасының 20%-ын ай сайын әрбір салымшыға төлеуі тиіс болатын», — деп хабарлады Рустам Әбдірахманов.
«Astex.kz» ЖШС-не 160 салымшыдан 2 млрд теңгеден астам қаражаты басқа «Mudaraban Capital» ЖШС компаниясы арқылы аударылғаны анықталды. Басқа компаниялар да құрылып, олар арқылы салымшылардан түскен ақшаны «Astex.kz» ЖШС және «ACD technology» аударылды.
Сотқа дейінгі тергеуді қалалық ПД тергеу басқармасының тергеушілері жүргізіп жатыр.