Алматыда қалың қар түсті. Қар жамылғысының қалыңдығы 6 см, ал таулы аудандарда 8-10 см-ге жетті. Бұл туралы қалалық әкімдіктен хабарлады.
20 желтоқсан күні қалада сағат 13:00-де қар жауа бастады, содан кейін тағы 21:00-ден бастап қар үзіліспен жалғасты. 21 желтоқсанда таңғы сағат 06:00-дегі жағдай бойынша қалаға алты см-ге дейін, таулы аудандарда 8-10 см қар жауған.
Көктайғақтың алдын алу мақсатында жолдарға, қиылыстарға, көлік жолайрықтарына көктайғаққа қарсы материалдар себіліп, сондай-ақ қар тазалау жұмыстары жүргізілді. Көктайғаққа қарсы 4100 тонна материалдар пайдаланылды.
Тротуарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, автотұрақ қалталарын, жер үсті өткелдерін, саябақтарды, скверлерді қардан тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Түнгі уақытта жол полициясының патрульдік көліктерінің ілесуімен қар күреу бойынша арнайы техниканың колоннасы ұйымдастырылды.
Жаяу жүргіншілер аймағынан және таулы аудандардан қар тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Таңғы сағат 6:00-де 230 текше метр қар үйінділері шығарылды.
Түнгі уақытта 522 арнайы техника, оның ішінде 207 құм шашқыш және 320 жол жұмысшысы жұмылдырылды.
21 желтоқсан күні таңертеңнен бастап 596 техника бірлігі және 1610 жол жұмысшылары жұмылдырылды.
Аудандық әкімдіктер мен қала әкімдігінде қар тазалау жұмыстарын жүргізу бойынша тәулік бойы бақылайтын кезекшілік ұйымдастырылды.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, бүгін ауа температурасы күндіз минус 6, кешке қарай минус 8 -ге дейін төмендейді, қар түстен кейін тоқтайды.