Алмас Айдаров:“Инвестициялық ағымдарды қалпына келтіру үшін бір жылдан артық уақыт кетуі мүмкін”

ҚР СІМ-де пандемия салдарынан Қазақстанға шетелдік инвестициялар ағыны үштен біріне дейін қысқаруы мүмкін деп мәлімдейді. Инвестициялық ағындарды қалпына келтіруге бір жылдан астам уақыт қажет болады.

Алайда, жақсы жаңалықтар да бар — ел Орталық Азия өңіріне инвестиция тарту бойынша көшбасшы болып қала береді және мұнда инвесторларға мұнай мен газдан басқа да көрсететін нәрсе бар. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров берген сұхбатында айтты.

— Сіздің жұмысыңыз көп жағдайда шетелге жұмыс сапарлармен — кездесулермен, форумдармен, келіссөздермен байланысты. Пандемия инвесторлармен қарым-қатынасқа қалай әсер етті?

  • Бүкіл әлем сияқты біз де наурыз айынан бастап қашықтықтан кездесулер мен онлайн режимдегі жұмысқа көшуге мәжбүр болдық. Әрине, жаңа жағдайда жобалары іске асырылып жатқан жұмыс істеп тұрған инвесторларға басымдық берілді. Оның үстіне, бүкіл әлемде жеткізілімдер тізбегі үзілді, біз бірінші кезекте оларды жолға қоюмен айналыстық. Мысалы, жүк Қытайда жиі тұрып қалатын. Ауыстырып тиеу станцияларында адам, жұмысшылар мүлдем болмаған күндер болды. Бұл мәселелерді тезірек шешу маңызды болды.

Бізде инвесторлар бізбен қол қоятын инвестициялық келісімшарттар бойынша үлкен жұмыс тобы бар. Міне, осы жерде пандемия бізге көмектесті, біз онлайн-қол қоюға өте жылдам көштік. Біз 310 млрд теңге сомасындағы 28 келісімшартқа қол қойдық. Егер бұрын құжаттарды ХҚКО-ға, және тікелей бізге тапсыру қажет болса, енді құжаттар онлайн-алаңдарға жүктеледі және біз оларды тез арада пысықтаймыз. Жаңа инвесторлардың жағдайы ауыр. Себебі келіссөздер мәселесі тек ресми сипатта ғана емес, бұл жерде серіктестер арасындағы сенім өте маңызды. Онлайн келіссөздер жүргізу, бейтаныс адамдармен мәселені талқылау оңай емес. Жеке контакт маңызды.

— Сарапшылар қазіргі дағдарысты соңғы 100 жылдағы ең ауыр дағдарыстың бірі деп атайды. Бұл дағдарыс Қазақстанға инвестиция тартуға қалай әсер етті?

  • Жыл басынан бері біз түрлі болжамдарды белсенді бақылап келеміз, түрлі болжамдар мен талдаулар көп болды. Көптеген беделді сарапшылар биылғы жылы әлем инвестициялардың 40%-ын жоғалтады деген пікірде болды. 5 мың ірі компания өз пайдасының 50 пайызын жоғалтатынын мәлімдеді. Бұл осы компаниялардың барлығы өздерінің инвестициялық жобаларын, салымдарын қысқартады дегенді білдіреді, себебі қазір басты мәселе — бизнесті сақтау, жұмыс орындарын, әлеуметтік міндеттемелерді сақтау. Осы жылы шетелдік инвестициялар ағыны өткен жылдан төмен болады және әрине, өзгерістер болады.

— Қаншалықты елеулі өзгерістер болды?

  • Біз минус 30% деңгейінде болады деп күтеміз. Көп жағдайда мұнай мен газ өндіруге байланысты шығындар екені қуантады. Бірақ, мысалы, сол өңдеу өнеркәсібінде жарты жылдың қорытындысы бойынша бізде қатты шығындар жоқ екенін көріп отырмыз. Бұл жерде инвестициялар тарту бойынша көрсеткіштер өткен жылғы деңгейге жуық — минус 3-4%. Көріп отырғанымыздай, өңдеу саласы дағдарысқа төзімді.

— Бүгінде шетелдік инвесторды шикізаттан басқа қандай бағыттар қызықтырады?

  • Қазақстан — бай ресурстары бар ел, сондықтан тау-кен өндіру саласы бізде әлі де басым. Бәрібір бұл ірі шетелдік инвесторларды Қазақстанға тартатын бірінші нәрсее. Екінші орында ауыл шаруашылығын атап өтер едім. Ақшалай алғанда бұл капиталды көп қажет ететін бағыт емес, бірақ мұнда инвесторлар өте көп. Баламалы энергетика өте танымал. Жыл сайын біз Қазақстанда 20-25 үлкен күн және жел станцияларын іске қосамыз. Осыдан 5-7 жыл бұрын инвесторлардың келуі үшін кВт үшін шамамен 37-38 теңге тариф беруге тура келді. Қазір күн саудасы 17 теңгеден басталады. Бұл тартымды сала.

— Біз инвестиция тарту тұрғысынан қаншалықты алға жылжыдық, сіз Қазақстандағы инвестициялық климатты 10 балдық шкала бойынша қалай бағалайсыз?

  • Doing business соңғы рейтингіне сәйкес Қазақстан бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша 25 елдің ішінен 190 орынды иеленді. Меніңше, бізде құқықтық инфрақұрылым, бизнесті қорғау және жүргізу бойынша халықаралық тәжірибелерге толық жауап беретін жақсы заңнама жеткілікті дамыған. Бірақ біздің географиямыз бен қашықтығымызды ескере отырып, инфрақұрылымға қатысты қиындықтар бар. Теңізге шыға алмайтын ел екенімізді қабылдай отырып, бұл бірінші инвестициялық климатқа қатты әсер етеді. Осыны ескере отырып, мен Қазақстандағы инвестициялық климатты 8-ге бағалар едім. Бірақ, жалпы алғанда, біз Орталық Азияда тартылатын инвестициялар көлемі бойынша көшбасшымыз.

— Инфрақұрылым мәселесі қалай шешілуде? Бұл да климаттың маңызды құрамдас бөлігі ғой.

  • Бізде ШОБ үшін сыртқы инфрақұрылымды жүргізуді көздейтін түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Ірі бизнеске қатысты қиындық барған сайын артып келеді, онда құн әлдеқайда жоғары. Біз ымыраға келдік, қазір жекелеген ірі инвесторлар үшін мемлекеттік комиссия арқылы инфрақұрылым жүргізу қарастырылатын болады, оның қарауына жоба енгізіледі. Комиссия инвестициялардың көлемін, қанша жұмыс орны құрылатынын қарастырады, егер бұл инфрақұрылымды жүргізу үшін сұратылған сомаға сәйкес келсе, онда үкімет деңгейінде республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы шешім қабылданады. Сондай-ақ біз инвестор сыртқы инфрақұрылым құрылысын өз мойнына алатын норманы сұрадық, ал кейіннен бұл сома салықтағы жеңілдіктер есебінен ескерілетін болады. Біз заң шығарушыларды қолдаймыз деп үміттенеміз.

— Өңірлердегі инвестициялардың жағдайы қалай?

  • Бүгінде инвестициялардың барлығы дерлік өңірлерде. Онда инвестициялар тарту — олардың жұмысының басымдықтарының бірі екенін түсінеді және барлығы осыған бағытталған. Өңірлер арасында инвесторлар үшін ішкі бәсекелестік те бар. Цифрларға сүйенсек, шетелдік инвестициялар ең көп Батыс Қазақстан, Алматы және Нұр-Сұлтанға жұмсалады. Сондай-ақ, Түркістан облысы, ШҚО, Қарағанды облысы көшбасшылар қатарында. Оған қоса инвесторлардың шығу тегіне байланысты өңірлік артықшылықтар бар. Мысалы, түрік және араб инвесторлары оңтүстік өңірлерді қалайды. Еуропалықтар елордаға жақын болуға тырысады.

— Инвесторлардың өз капиталымен Қазақстанға баруының басты себептерін айтыңызшы?

  • Бәлкім, маңызды факторлардың бірі — саяси тұрақтылық, бұл классика. Қазіргі уақытта бұл фактор біздің құрлықта өзекті болып отыр. Біз әлемде не болып жатқанын көріп отырмыз, ал кез келген инвестор бірінші кезекте өз инвестицияларын сақтап қалуды ойлайды. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан тартымды. Екінші фактор — өңіріміздің өсіп келе жатқан экономикасы. Бізде өте сәтті орналасу, транзиттік әлеует және айналада өсіп келе жатқан орасан зор нарық — бұл Ресей де, Қытай да. Үшінші себеп — еркін тауашалар мен жаңа секторлардың тартымдылығы.

— 2020 жылдың соңына қандай болжамдар бар?

Инвестициялық ағындарды қалпына келтіруге осы және келесі жыл толығымен кетеді. Әлемдік экономика 2019 жылдың көрсеткіштеріне 2021 жылдың соңына қарай қайта оралады. Қазір инвестицияларды жалпы тарту маңызды. Егер бүкіл әлем инвестиция тарту бойынша көрсеткіште 40%-ға құлдыраса, онда бізге 30% -дан аспауға тиіспіз. Біз мұнай-газ секторында ұтылатынымызды түсінеміз. Себебі үлкен нарықтар қысқарып, тоқтатылады, бірақ басқа салаларды — ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету, сауда салаларын сақтап қалу қажет. Сондықтан қазір барлық мемлекеттік қолдау осы секторларға бағытталған.

Добавить комментарий