2020 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласында 1,2 млн қызметкер жұмыспен қамтылды, бұл ҚР-да жұмыс істейтіндердің жалпы санының 13,9%-ын құрайды.
Жалпы алғанда, 2020 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы секторында электронды еңбек биржасында 50 мың бос жұмыс орны орналастырылды, олардың 40%-ына біліктілік талабы қойылған.
2020 жылы ең көп сұранысқа ие мамандықтар — тракторшы, ауыл шаруашылығын механизациясы саласындағы инженер, күзетші, крандар, көтергіштер мен ұқсас жабдықтардың операторы, сондай-ақ жеке көліктің жүргізушісі мен шопыры болды.
Цифрлық технологиялар күннен күнге дамып, процестердің бәрі де автоматтандырылып келе жатқан заманда жаһандық еңбек нарығына едәуір өзгерістер енгізіліп жатыр. Осының нәтижесінде болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар пайда болады. Ал қол еңбегінің көбі автоматтандырылады.
Әлемдік үрдістер ауыл шаруашылығын да айналып өтпеді. Бүгінде салада жаңадан пайда болатын 10 және жойылатын 18 мамандық анықталды.
Жаңа мамандықтар арасында сүт фермаларындағы робототехник-малшы, жер және су ресурстарын басқаратын IT-инженер, агроном-экономист, цифрлық агроном, ауыл шаруашылық саласындағы жаңа технологиялар бойынша маман және т.б. бар.
Өз кезегінде, 2025 жылға қарай мынадай кәсіптер жойылуы мүмкін:
- таңбалаушы — олардың орнына лазермен таңбалайтын роботтар келеді;
- қаптаушы және бөлшектеп өлшеуші — бір ғана робот қаптаушы бірнеше адамның жұмысын атқара алады, сонымен қатар робот тәулік бойы жұмыс істеуге қауқарлы;
- сұрыптаушы — роботталған жүйелер өнімді сапасы мен басқа да белгілеріне сәйкес сұрыптай алады;
- жүк тасушы — қазірдің өзінде роботталған көтергіштер жұмыс істеп жатыр, роботтың «қолы» жүк машинасымен және өніммен үйлесімді қажетті құралмен жабдықталады;
- роботтар тиеуді/түсіруді дәл және ептілікпен орындайды, бұл ретте тауарға ұқыпты қарайды.