Ақтау қалалық соты Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жамал Жаманбаеваға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Ол ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағында көзделген «Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану» қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Өзінің қылмыстық әрекеттері арқылы мемлекетке 29 540 000 теңге көлемінде залал келтірді.
Соттың баспасөз қызметінен хабарлағандай:
«Сотта анықталғандай, Жамал Жаманбаева Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып, белгіленген лауазымдық міндеттері мен шектеулерге қарсы әрекет ете отырып, 2020 жылдың тамыз айында республика аумағында “Covid-19” инфекциясының кең таралуына байланысты бір көзден 222 000 000 теңгеге «Centropharm» ЖШС-мен 6 жылжымалы рентген аппаратын сатып алу туралы шарт жасасты. Аппараттарды сатып алу үшін 2020 жылға арналған бюджеттік жоспарға нарықтық құннан жоғары бағамен бюджеттік өтінім дайындалып, оған сәйкес облыстық мәслихатқа медициналық жабдықтарды сатып алуға қаражат бөлу ұсынылды, нәтижесінде қалалық мәслихаттың шешімімен осы қаражат бөлінді «.
Алайда, мемлекеттік мекемелерді материалдық-техникалық қамтамасыз ету талаптарына сәйкес облыстық қазынашылық департаментінде шарт тіркеуден өтпеді.
Бұдан кейін Жамал Жаманбаева ведомстволық бағынышты медициналық мекемелер арқылы сатып алу мақсатында аудандық емхана директорларына «Centropharm» ЖШС-мен бір көзден жылжымалы рентген аппараттарын сатып алуға келісімшарт жасауды талап етті.
«Осылайша, Ж. Жаманбаева мемлекетке 29 540 000 теңге көлемінде залал келтіріп, әр жылжымалы рентген аппаратын заңсыз жоғары бағада сатып алуға ықпал етті. Сотталушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кінәсін мойындап, келтірілген залалды өтеді, осыған байланысты кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалды. Басты сот талқылауында сотталушы кінәсін мойындады, қылмыстық іс материалдары бойынша жинақталған дәлелдемелердің қатыстылығы мен жарамдылығына дауламады», — деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған балалардың болуын, жағымды мінездемесін назарға алды және оларды кінәсін жеңілдететін мән-жайлар ретінде қабылдады. Жазаны ауырлататын мән-жайларды сот анықтаған жоқ.
«Сот үкімімен Ж.Жаманбаева ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады», — деп түсіндірді ведомстводан.
Сот үкімі заңды күшіне енбеді.
Анықтама! Жамал Жаманбаева 2020 жылдың мамыр айында елдегі төтенше жағдай кезінде Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды. Осы тағайындауға дейін ол көп жылдар бойы Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығын басқарған.