Ақтөбе облысында анасы туған қызын шенеунікпен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген

Ақтөбе облысында 16 жастағы қыз бірнеше рет шенеунікпен жыныстық қатынасқа түскен. Ең сорақысы, оған туған анасы мәжбүрлеген.

Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қазақстан Судьялар одағының Zanger журналындағы мақаласында жазған.

«Халықтың, оның ішінде балалардың құқығы мен мүддесін қорғауға тиіс жоғарғы шенді тұлғалар жаға ұстатарлық әрекет жасаған. Мәселен, былтыр Ақтөбе облысында 16 жасқа толмаған қызбен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен шенеунік педофилияға қатысы бар деген күдікпен ұсталды. Оның үстіне, оның анасы пайдакүнемдік мақсатта туған қызын мәжбүрлеген», — деп жазды министр.

Оның айтуынша, күдікті тұтқындалды. Сондай-ақ, қызын жезөкшелікке итеремелеген үшін анасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ІІМ басшысы «кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстардың көбеюіне әлеуметтік желіде ұзақ уақыт отыруына және ересектер баланың интернеттегі және әлеуметтік желілердегі белсенділігін бақыламауы ықпал етеді» деп мәлімдеді.

«Біз Интернет желісінде балаларға қатысты қылмыстық әрекетке әкелуі мүмкін заңға қайшы келетін ресурстарды анықтау бойынша барлық шараларды қабылдап жатырмыз. Жыл басынан бері мұндай мазмұндағы бес мыңнан астам интернет-ресурс, оның ішінде порнография жарияланатын 3 мыңнан астам сайт анықталды», — деп толықтырды министр.

Добавить комментарий