Ақтөбе: Қаржы пирамидасы бойынша сотталғандар аштық жариялады

Ақтөбеде «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасын құрды деп сотталған 30-дан астам тым қатал үкімге қарсылық ретінде аштық жариялағаны белгілі болды.

Сотталғандар тергеу изоляторларында екінші күн қатарынан тамақ ішуден бас тартып отыр.

Олардың туыстары аштық жариялағандарды қолдау үшін Тергеу изоляторы ғимаратының алдына жиналды.

«Менің күйеуім Нұржан Елеуов 11 жылға сотталды. Оның кінәсі дәлелденбеді, егер ол кінәлі болса, аштық жарияламас еді. Барлық ақшаны біз алды деп ойлайды, ұятсыздар, бірақ біз ешқандай да ақша алмадық. Тек жалдамалы қызметкер болдық, ал құрылтайшылар қазір Кипрде жүр», — деді сотталғанның әйелі Дина Елеуова.

Тергеу изоляторындағылар 33 сотталушы аштық жариялағанын хабарлады.

«Бүгінгі таңда олардың төртеуі аштықты тоқтатты, қалған 29 сотталушы медициналық қызметкерлердің бақылауында және мекемеге, әкімшілікке шағымы жоқ. Менің ойымша, бүгін-ертең олар аштықты тоқтатады, мәселе шешімін табады», — деп түсіндірді Ақтөбе облысы бойынша № 70 ҚАЖД мекемесінің бастығы Аман Құлмұхамбетов.

Ақтөбеде «Гарант 24 ломбард» қаржы пирамидасы атышулы ісі бойынша 48 адам жеті жылдан 18 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Келтірілген залалдың жалпы сомасы 30 млрд теңгеден асады, еліміздің 17 облыс орталығы мен екі қаласынан 13 мыңнан астам адам жәбірленуші деп танылды.

Добавить комментарий