АҚШ Мемлекеттік хатшысы мен Тәжікстан СІМ басшысы Ауғанстандағы жағдайды талқылады

Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Тәжікстан сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин кездесіп, Ауғанстандағы ахуалға қатысты бірқатар мәселелерді, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды талқылады.

Бұл туралы Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі хабарлады.

«Мемлекеттік хатшы бүгін Мемлекеттік департаментте өткен АҚШ пен Тәжікстан арасындағы жыл сайынғы екіжақты консультациялардың сегізінші кезеңін құптады. Мемлекеттік хатшы АҚШ пен Тәжікстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың беріктігін және маңыздылығын растады, сондай-ақ сыртқы істер министріне оның өңірлік қауіпсіздік мәселелеріндегі тұрақты көшбасшылығы үшін ризашылығын білдірді», — делінген хабарламада. Блинкен сондай-ақ АҚШ-тың «адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын ілгерілету, сондай-ақ экономикалық даму ісінде екіжақты ынтымақтастыққа ұмтылысы туралы сөз қозғады және АҚШ-тың Тәжікстанның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және аумақтық тұтастығын ұстанатынын растады».

«Мемлекеттік хатшы мен СІМ басшысы Ауғанстандағы жағдайды әділ және сенімді шешу өңірдегі экономикалық өсім мен интеграцияға ықпал етеді дегенге келісті», — деп атап өтті америкалық сыртқы саяси ведомствоның баспасөз қызметі.

Кейінірек Мемлекеттік департаменттің баспасөз қызметі АҚШ пен Тәжікстан арасындағы жыл сайынғы сегізінші екіжақты консультациялардың қорытындысы бойынша қосымша баспасөз релизін таратты. Хабарламада айтылғандай, келіссөздерде америкалық делегацияны мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісінің міндетін атқарушы Дин Томпсон жетекшілік етті. АҚШ өкілдері бұл кездесуде Тәжікстанның «тәуелсіздігіне, егемендігі мен өркендеуіне адалдығын» растады.

«Делегациялар қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, адам құқықтары, энергетика және экономика мәселелерін талқылады. Қатысушылар өз елдерінің қауіпсіздігіне төнетін қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп әрекет етуге, терроризмге қарсы күрес бойынша ынтымақтастыққа, қауіпсіздік қызметтерінің кәсібилігін арттыруға бейілді екенін растады», — делінген хабарламада. Сонымен қатар, бұл жүздесуде діни сенім бостандығы, адам саудасына қарсы күрес, экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ Ауғанстандағы ахуалды реттеу мәселелері қозғалды.

Добавить комментарий