Қазақстан Президенті Қасым Жомарт-Тоқаев елімізде қылмысқа қарсы күресу керектігін айтты
Мемлекет басшысы прокуратура органдарына әлеуметтік жанжалдың алдын алу үшін жұмыс істеуді тапсырды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республиканың Бас прокуратурасының басшылық құрамымен өткен кеңесте елдегі криминогендік жағдайға прокурорлардың назарын аударды.
Мемлекет басшысы карантиндік шектеулер кезінде қылмыстық іс-әрекеттердің едәуір азайғанына қарамастан, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін, керісінше, күш-жігерді жұмылдыра түсу қажет екенін айтты.
«Пандемияның экономика мен әлеуметтік салаға тигізген кері әсері қылмыс пен құқық бұзушылыққа жол ашуы мүмкін. Құқық қорғау органдары осыған дайын болуға тиіс. Еліміздегі күрделі ахуалды пайдаланып қалуға тырысатын қылмыстық топтардың кез келген іс-әрекеттерін бесігінде тұншықтыру керек», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президент өзінің Қылмыстық кодексті оңтайландыру жөнінде берген тапсырмасын еске салды. Бас прокуратура бұл жұмысты құқық қорғау органдарымен, арнаулы мемлекеттік органдармен және әділет министрлігімен үйлестіру арқылы жүргізуі тиіс. Оның пікірінше, бұл мәселеде қоғам пікірін, қоғам белсенділері мен сарапшылардың ұсыныстарын міндетті түрде ескеру керек.
«Жедел тергеу аппаратының күшін болмашы құқық бұзушылықтарға жұмсауға болмайды. Қызметкердің жұмысы шаш етектен болған кезде, оған істі рәсімдеп, сотқа жіберген оңай. Ол осыған басымдық береді. Мұндай жағдайда азаматтардың құқықтары мен қылмысқа қарсы нақты күрес екінші орында қалып қояды. Сондықтан елімізде жәбірленушілер тергеушілердің қандай да бір жұмыс нәтижесін айлап күтеді. Тергеу органдарының кәсіби кадрлармен толық қамтамасыз етілмеуі жағдайды ушықтырып жібереді», — деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы прокуратура қызметінің маңызды бағытының бірі ретінде әлеуметтік наразылықтың ықтимал ошақтарын тиімді бейтараптандыру жөніндегі жұмыс жүргізу екенін айтты. Президент бақылаушы орган түрлі әлеуметтік қақтығыстардың деструктивті әлеуетін төмендету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға, сондай-ақ уақытылы төленбеген жалақыны, заңсыз қысқартуларды және еңбек қатынастары саласындағы басқа да теріс көріністерді анықтауға және жолын кесуге тиіс деп санайды.