Нұрлан Нығматулин Мәжілістің 2020 жылғы жұмысын қорытындылады

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин биылғы соңғы жалпы отырыста Палата депутаттарының 2020 жылғы жұмысын қорытындылады.

Мәжіліс Спикері атап өткендей, депутаттық корпустың жұмысы толықтай Қазақстанның Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық міндеттерін, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен тапсырмаларын орындауға бағытталды. Бұл ретте азаматтарды әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беруді дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, елдегі экологиялық ахуалды жақсарту мәселелері негізгі бағыттардың бірі болды.

«Биылғы жылы Парламент қабылдаған заңдар қазіргі заманның сын-қатерлеріне тиімді қарсы тұруға мүмкіндік беріп қана қоймай, Қазақстанның дағдарыстан кейінгі дамуына негіз қалайды», — деп сенім білдірді Нұрлан Нығматулин.

Жалпы депутаттық корпустың жұмысы туралы айта келе, Мәжіліс Төрағасы шақырылым барысында Парламент палаталарының 23 бірлескен отырысы, Мәжілістің 186 жалпы отырысы өткізіліп, онда 1208 мәселе қаралғанын атап өтті. Осы кезеңде Палатаның қарауында 487 заң жобасы болды, оның ішінде 432 мақұлданып, Сенатқа жіберілді. Бүгінгі таңда 391 заң жобасына Қазақстан Президенті қол қойып, заңды күшіне енді. 181 халықаралық шарттар мен мемлекетаралық келісімдер ратификацияланды. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары 60 жеке заң жобасына бастамашылық етті, бұл, Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, алдыңғы шақырылымдарға қарағанда көп.

«Депутаттардың бастамасы арқасында мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, ана мен баланы қорғау, салық салу, аудиторлық қызмет, қылмыстық заңнаманы жетілдіру, ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету, білім, ғылым және т.б. мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», — деді Мәжіліс Спикері.

6 кодекс қабылданды, оның ішінде «Әкімшілік рәсімдік-процестік», «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі), «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы», «Экологиялық кодекс».

Нұрлан Нығматулин халық көтеретін мәселелерді шешу үшін депутаттардың қызметіне де назар аударды. Мәжілісмендер мемлекеттік органдардың атына 1 150 депутаттық сауал жолдап, 14 рет өңірлерге аралап, 17 мыңнан астам кездесу өткізді, оған 1 млн. 140 мың адам қатысты. Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралған азаматтардың 23 700-ге жуық хаты келіп түсті.

Мәжілістің ашықтықты арттыруға бағытталған бағыты туралы айта келе, Нұрлан Нығматулин Палатаның барлық жалпы отырыстарының, «үкімет сағаттарының» онлайн көрсетілімдерінің, презентацияларының, неғұрлым резонансты заң жобалары бойынша бейінді комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарының, азаматтық қоғам, парламенттік емес партиялар, ҮЕҰ өкілдерінің заң жобаларын талқылауға шақырылуының маңыздылығын атап өтті.

Осының барлығы, Мәжіліс Спикерінің айтуынша, әсіресе пандемия кезінде заң шығару жұмысын қарқынды қылуға, ал қабылданып жатқан шешімдер неғұрлым тиімдірек етуге мүмкіндік берді.

Добавить комментарий