Ақтөбе облысында экологтар белгіленген санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды бұза отырып, мал қорымын құру туралы ақпаратты тексерді.
Мамандар Бестамақ ауылындағы шошқа фермасының экологияға келтірілген залалға баға берді.
Тексеру қорытындысы туралы экология департаментінің басшысы Нұржан Аққұл баяндады.
«Бестамақ тұрғындарының ұжымдық мәлімдемесінде көрсетілген экологиялық нормаларды бұзу фактілері расталды», — деді ол.
Оның айтуынша, «Париж коммунасы 21» ЖШС өндірістік және биологиялық қалдықтарын кенттің маңындағы траншеяларға көміп тастаған.
«Көму алаңы 5,6 гектарды құрады, ластанудан келген залал 14 млн теңгені құрады, осыған байланысты қылмыстық іс басталды. Тексеру барысында траншеяның бір бөлігін қазып, 189 тонна қалдықтар шығарылды. 2018-2019 жылдары кәсіпорын қоршаған ортаға эмиссия рұқсатсыз жұмыс істеген», — деп толықтырды Нұржан Аққұл.
Сондай-ақ, жобада көрсетілген 40 мың бас шошқаның орнына фермада 50 мыңнан астам бас ұсталғаны белгілі болды. Бұл бөлікте әкімшілік іс қозғалды.
«Заң бұзушылықтар салдарынан келтірілген залалдың жалпы сомасы 7 млрд 27 млн теңгені құрады. Оларды бір ай ішінде төленуі тиіс, егер өтелмече — сотқа жүгінеміз. Сондай-ақ, кәсіпорынға бұзушылықтарды түзету туралы нұсқама берілді, егер олар орындалмаса, сот арқылы жұмысын тоқтата тұруды талап етеміз», — деді Ақтөбе облысының бас прокуроры.
Кәсіпорнының жұмысы 2011 жылдан бері тексерілмегені белгілі болды.
Ақтөбе облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Канадбаев траншеялардан шығарылған биологиялық қалдықтардың бір бөлігін химиялық тәсілмен кәдеге жаратылғанын айтты.
Өз кезегінде облыстық мал дәрігерлік инспекциясының басшысы Темірбек Нұртазин кәсіпорынның барлық қалдықтарды өңделіп, жемшөпке жөнелтуі мүмкін екенін, бірақ олай істемегенін атап өтті. Ферманың жанынан 5700 кг қалдықтар табылып, оларды өртеп жіберді.
«Бір шошқаны сойғаннан кейін, одан 8,5 кг қалдық қалады, Бестамақтағы шошқа фермасында күніне 300 бас шошқа сойылды, күнделікті қалдықтардың көлемі — 2550 кг», — деді ол.
Бұған дейін ауыл тұрғындары шошқа фермасынан шығарылған лас заттар тасталатын мал қорымының жағымсыз иісі мен тезегіне шағымданған еді.