Берлин: Қазақстан-Германия саяси консультациялары аяқталды

Берлинде кезекті Қазақстан мен Германия арасында СІМ-нің консультациялары аяқталды. Олар екіжақты саяси диалог пен сауда-инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне арналды.

Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марғұлан Баймұхан және Германия Сыртқы істер министрлігінің Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастық жөніндегі уәкілі Михаэль Зиберт жетекшілік еткен келіссөздер барысында жыл ішіндегі бірлескен жұмыстың нәтижелері, әсіресе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың желтоқсанында және 2020 жылдың ақпанында Германияға жасаған сапарлары аясында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылуы талқыланды.

Консультациялар барысында сондай-ақ екі мемлекеттің БҰҰ және өзге де халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастық мәселелері талқыланды. Тараптар жақында ЕҚЫҰ-ның басшылық лауазымдарына Қазақстан мен Германия үміткерлерінің тағайындалуы жөнінде өзара құттықтаулармен алмасты: Қайрат Әбдірахманов Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғары комиссар, ал Хельга Шмид Бас хатшы болып сайланды. Сұхбаттасушылар сондай-ақ Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім мен Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасын жүзеге асыру бойынша пікір алмасты.

Сұхбаттасушылар COVID-19 пандемиясына қарамастан, қазақстандық және неміс әріптестері тікелей және қашықтықтан форматында жемісті өзара іс-қимылды жалғастыратынын қанағаттанушылықпен атап өтті. Қазақстан Республикасы Үкіметінің неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі жұмыс тобының, этникалық немістер жөніндегі үкіметаралық комиссияның және сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жұмыс тобының, Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің және Берлин еуразиялық клубының екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосып жатқан елеулі үлесі атап өтілді. Тараптар мәдени-гуманитарлық және білім беру ынтымақтастығын нығайтуды қолдады.

Қазақстанның Германиядағы елшісі Дәурен Кәріпов пен «Kazakh Invest» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Өзбеков еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері мен мемлекеттің осы саладағы саясаты туралы баяндады.

Консультациялар соңында тараптар екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша Қазақстан-Германия ынтымақтастығын одан әрі нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті.

Сонымен қатар, Берлинде М. Баймұхан Германия үкіметінің Ресей, Орталық Азия және «Шығыс әріптестік» елдерімен қоғамаралық ынтымақтастық жөніндегі үйлестірушісі, Германия Бундестагының депутаты Йоханн Заатхоффпен келіссөздер жүргізді, онда саяси және мәдени-гуманитарлық мәселелер бойынша өзара қызығушылық тудыратын кең ауқымды мәселелер қаралды. Тараптар Қазақстан мен Германияда алдағы алдағы саяси науқандардың күнтізбесін талқылады, олардың ішінде 10 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы мен 2020 жылғы 26 қыркүйекке белгіленген Германиядағы федералдық сайлау тақырыбы маңызды орын алады. Қазақстандық СІМ басшысының орынбасары сұхбаттасушыны еліміздегі саяси және демократиялық реформалардың ауқымды бағдарламасы мен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы туралы хабардар етті.

И.Заатхофф Қазақстанда демократияландыру және партиялар арасындағы саяси бәсекелестікті арттыру бағытында болып жатқан өзгерістер туралы ақпаратты қызығушылықпен қабылдады, атап айтқанда, ҚР Парламенті Мәжілісінің болашақ депутаттық корпусымен одан әрі жемісті қарым-қатынас орнататынына сенім білдірді.

Добавить комментарий