Қазақстан Президенті қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтап, бұл мерекенің ел тарихында айрықша орны барын мәлімдеді, сондай-ақ бейбітшілік пен бостандық үшін күрескен аға буынның жанқиярлығын, қажымас қайраты мен ерік-жігерін әйгілейтін мейрам екенін атап өтті.

Президент сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытқанын айтты.

Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты, олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді.

Сондай-ақ, Тоқаев майдангерлер жан аямай қорғаған азаттық, әділдік, теңдік құндылықтары Қазақстан үшін де мызғымас темірқазық болып қала беретінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Жеңіс күніне орай барша қазақстандықтарға және ардагерлерге денсаулық пен бақ-береке тіледі.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеудегі шеруге қатысып, бірнеше мемориалдарға гүл шоқтарын қойды, соның ішінде ардагер ағасы жерленген бауырластар қабіріне барды.

Добавить комментарий