ҚР Президенті жанындағы Комиссияның ішкі істер органдарының ақпаратын цифрландыру, сондай-ақ жер учаскелері мен инженерлік коммуникациялардың цифрлық картасын жасау мәселелеріне арналған отырысы өтті.
Жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, ішкі істер министрі — Е. Тұрғымбаев, ауыл шаруашылық министрі — С. Омаров, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі — Б. Атамқұлов, энергетика министрі — Н. Ноғаев баяндама жасады.
Сәуір айында Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимінде цифрландыру бойынша жұмыс нәтижелерін талдау жасауды және бөлінген қаражатты қайта бөліп, «Цифрлық Қазақстанды» қайта қарауды тапсырды.
Алға қойылған міндетті шешу шеңберінде мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, АКТ-саласының мамандары және бизнес-қоғамдастық өкілдері жаңартылған «Цифрлық Қазақстан» жобасының 10 басым бағытын әзірледі (бұрын 5 болатын). Олар әлеуметтік қатынастар саласын цифрландыруды, энергетика мен өнеркәсіп үшін «Индустрия 4.0» технологиялық платформасын, AgriTech және Govtech технологиялық платформаларын құруды, сапалы АКТ инфрақұрылымын және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, «Smart city» технологиялық платформасын іске асыруды, азаматтардың қауіпсіздігі деңгейін арттыруға арналған цифрлық құралдарды, «FinTech» және электрондық сауданы, жасанды интеллектті дамытуды және инновациялық экожүйені құруды қамтиды.
Мемлекеттік бағдарламаның жаңартылған редакциясында мемлекеттік органдардың, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің жұмысын жақсарту, FinTech сектордың мүмкіндіктерін кеңейту, ақылды қалалар жүйесін әзірлеу, АКТ-инфрақұрылымды дамыту жобаларына ерекше назар аударылды.
Полиция қызметін цифрландыру шеңберінде Бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін құру және ІІМ Ахуалдық орталығын жаңғырту, азаматтардың өтініштерін қабылдаудың түрлі арналарын біріктіру, облыс орталықтарының, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бейнебақылау жүйесімен «кілемдік» жабу, «Цифрлық полиция» жобасын іске асыру, Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігінің кешенді жүйесін құру және басқа да шараларды іске асыру көзделген.
Жер ресурстарын цифрландыру қорытындысы бойынша бүкіл ҚР аумағында ашық пайдаланатын сандық карта, жер қатынастары мен сәулет саласында электрондық қызмет көрсету, жер учаскелеріне құқық беру мерзімін 1 жылдан 20 күнге дейін қысқарту, мемлекеттік актіні, жерге орналастыру жобасын, сондай-ақ жер комиссиясын алынып тасталады.
Жалпы, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өзектендіру аясында ағымдағы 125 іс-шараға қосымша жаңа 145 іс-шара, 3 индикатор және 41 көрсеткіш әзірленді. Осылайша, мемлекеттік бағдарламаның жаңартылған нұсқасында 15 индикатор, 67 көрсеткіш және 270 іс-шара қарастырылған.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай мемлекеттік қызметтердің 100% -ын онлайн-форматқа көшіру, цифрландыру саласындағы инвестициялар көлемін 500 млрд теңгеге дейін, АТ және электрондық өнеркәсіп экспортының көлемін 200 млрд теңгеге дейін жеткізу, 1 мыңнан астам жаңа инновациялық компанияларды құруға және 100 мың АТ-мамандар даярлауға ықпал ету жоспарлануда.
Премьер-Министр Үкімет отырысында қарау үшін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жаңартылған редакциясының жобасын енгізуді тапсырды.