Қазақстан Республикасының Президенті Тәуелсіздік күнін салтанатты түрде тойлаудан бас тарту туралы ұсыныс жасады. Мемлекет басшысының пікірінше, барлық күштер экономикалық, саяси және әлеуметтік салаларда реформалауға бағытталуы тиіс.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында сөз сөйлеген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Келесі жыл — тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол экономикалық және саяси реформалар, цифрландыру, адам құқығын қорғау, денсаулық сақтау мен білім беруді дамыту, экологияны қорғау ұранымен өтуі керек. Қазір осы маңызды тарихи күнге орай көптеген салтанатты шара өткізетін уақыт емес. Біз маңызды істерді ұзаққа созбай, қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек».
Сонымен қатар, Президент бүгінде мемлекет институты беріктік пен тиімділікке сынақтан өткенін атап өтті.
«Көптеген жаһандық және өңірлік жобалардың келешегі бұлыңғыр болып көрінеді, кең таралған идеологиялық және философиялық тұжырымдамалар айтарлықтай ревизияға ұшырайды. Қоғамдық практикалар мен нормалар, сондай-ақ адамдардың мінез-құлық үлгілері айтарлықтай өзгеріске ұшырайды. Мұндай дағдарыс жағдайында кез келген мемлекет тұрақтылықты сақтау және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында өзінің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін негізге алуы тиіс екені анық болады. Қақтығыстың қисыны — бұл ешқайда кетпейтін жол. Дәлірек айтсақ, бұл — хаос пен құлдырауға апаратын жол. Оның үстіне қалпына келтіруге келешегі жоқ күйреуге апарады», — деп баса айтты ол.
Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекет өз азаматтарының заңды талаптарын, экономикалық талаптарды немесе саяси сипаттағы талаптарды ескеруге міндетті.
Сондықтан да мен түбегейлі жаңа құжат — Әлеуметтік кодексті дайындауды ұсындым. Басқаша айтқанда, мемлекет азаматтар алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттемелерін ұстануы тиіс. Жоғары экономикалық кеңестің алдында экономиканы дамытудың мүлдем жаңа тәсілдерін әзірлеу міндеті тұр. Атап айтқанда, пандемиядан кейінгі кезеңнің жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұруға дайын болу үшін салықтық және фискалдық саясатты жүргізу керек, — деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.