«Ауыл» партиясы сайлауға түсетін үміткерлердің тізімін Орталық сайлау комиссиясына тапсырды

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ОСК-ға Парламент Мәжілісіне партия атынан сайлауға түсетін кандидаттардың партиялық тізімін ресми түрде тапсырды.

Партия төрағасының орынбасары Анас Баққожаев брифингте саяси додаға «Ауыл» партиясы атынан сайлауға партиялық тізім бойынша 25 кандидат қатысатынын мәлімдеді.

«Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін жасау кезінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заңына сәйкес барлық санаттың, оның ішінде әйелдердің, жастардың және инклюзивті қоғамның өкілдігі қамтамасыз етілді. Үміткерлер 4 ақпанда Астанада өткен «Ауыл» партиясының кезектен тыс съезінде бекітілді», — деп атап өтті ол.

«Ауыл» партиясы ұсынған 25 кандидаттың ішінде 6 әйел, 1 инклюзивті қоғамның өкілі бар. Сондай-ақ, жастар арасынан 3 адам ұсынылып отыр. Яғни, тізімде арнайы квота 30%-ға сақталған.

Кандидаттардың орташа жасы 43 жасты құрайды, ең жас кандидат 25 жаста. Сонымен қатар кандидаттардың ішінде 15 адам бейінді аграрлық білімі бар және нақты сектордың өкілдері.

ХДПП төрағасының орынбасары сондай-ақ кандидаттардың екеуі 2022 жылы өткен сайлауда президенттікке, 7 адам 2021 жылы өткен Мәжіліс сайлауында депутатыққа экс-кандидат болғанын айтты.

Добавить комментарий