Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған қару-жарақты тапты.
«25 қаңтарда арықты жағалай өскен қамыс арасынан қаңтар оқиғасы кезінде облыстық Полиция департаментінің ғимаратынан ұрланған үш атыс қаруы: «Hatsan Escort PS» маркалы 12 мм калибрлі бір ауызды тегіс ұңғылы мылтық, Сондай-ақ бір ауызды 12 мм калибрлі «Maverick» маркалы тегіс ұңғылы мылтығы, 16 мм калибрлі «ИЖ-18» маркалы бір ауызды тегіс ұңғылы шолақ мылтық табылды», — деп хабарлайды Жамбыл облыстық ПД.
Қазіргі таңда аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Жалпы, ағымдағы жылдың қаңтар айында ғана республиканың есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл қызметкерлері қару-жарақ сақталған бес жасырын орынды тапты
«6 тегіс ұңғылы қару, 3 тапанша, 3 кесілген шолақ мылтық, 2 газ тапаншасы, бір карабин, әртүрлі модификациядағы 10 граната, 400-ден астам патрон тәркіленді. Барлық деректер бойынша қылмыстық іс қозғалды, сот-баллистикалық сараптамалар жүргізілуде», — деп хабарлады Жамбыл облысы ПД.
Полиция департаменті қару-жарақ пен оқ-дәрілерді өз еркімен тапсыру, сондай-ақ қарудың орналасқан жері туралы ақпарат беру, егер басқа да құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, заң бойынша жауапкершілікке тартылмайтынын ескертеді. Анонимділікке кепілдік беріледі.