АҚШ билігі Еуропалық Одақ аумағында B61-12 атом бомбаларын орналастыруды жеделдетуге ниетті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico басылымы.
Хабарланғандай, ядролық қару ағымдағы жылдың желтоқсан айында НАТО-ның еуропалық базаларына жеткізілуі тиіс.
Бұл туралы 27 қазан, бейсенбі күні Politico газеті дипломатиялық жеделхат пен дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Аталып өткендей, НАТО-ның Брюссельдегі жабық кездесуінде америкалық шенеуніктер ядролық қару жақын арада келетінін жариялаған. Дегенмен, бастапқы жоспар бойынша олар 2023 жылдың көктеміне қарай Еуропаға жеткізілуі тиіс еді.
Басылым дипломатиялық құжатты келтіреді, онда бомбалар «тұрақты даярлықты қамтамасыз ету үшін Ресейдің ядролық риторикасының өсуін ескере отырып» жедел түрде жеткізіледі делінген.
Бірақ Пентагонның баспасөз хатшысы Патрик Райдер Politico-ға берген түсініктемесінде АҚШ B61 бағдарламасы аясында ұзақ жылдар бойы жаңғырту жұмыстарын жүргізіп келе жатқанын және «ядролық арсенал туралы мәселені егжей-тегжейлі талқыламайтынын» хабарлады.
«Ол Украинада қалыптастақн жағдайлармен еш байланысы жоқ және жеделдетілмеді», — деді әскери қызметші.
Бұған дейін, 21 қазанда Венадағы әскери қауіпсіздік және қару-жарақты бақылау мәселелері жөніндегі келіссөздерде РФ делегациясының жетекшісі Константин Гаврилов Мәскеуде РФ мен АҚШ қорғаныс министрлері Сергей Шойгу мен Ллойд Остиннің Еуропадағы ядролық тежеу жөніндегі НАТО оқу-жаттығулары туралы әңгімелесуінен кейін түсініктеме берілетінін мәлімдеді.
Сол күні АҚШ пен Ресейдің қорғаныс ведомстволары басшылары телефон арқылы сөйлескені белгілі болды. Украинадағы жағдайды қоса алғанда, халықаралық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері талқыланғаны нақтыланды.
Бұған дейін, 19 қазанда РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова НАТО-ның ядролық тежеу жөніндегі жаттығуларын Еуропалық одақтың (ЕО) тұрақтылығына төнген қатер деп атаған болатын. Ол 17 қазанда басталған НАТО-ның ядролық тежеу жөніндегі жаттығулары қалыптасқан жағдайда артық шиеленіс тудыратынын атап өтті.