Жарылғыш заттар шығарумен айналысатын ресейлік зауыт басшысы алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды.
Оқиғаның егжей-тегжейі. Мәскеуде Я.М. Свердлов атындағы зауыттың бас директоры Юрий Шумский аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы сейсенбі, 20 қыркүйек күні хабарланды.
Шумский басқаратын зауыт — Ресейдегі жауынгерлік және өнеркәсіптік жарылғыш заттар, сондай-ақ оқ-дәрілер шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі. Ол Нижегород облысы Дзержинск қаласында орналасқан.
Алдын ала мәліметтер бойынша, зауыттың бас директорының ұсталуы келісімшарттардың бірінің орындалуымен байланысты. Сейсенбі, 20 қыркүйекте тергеу бұлтартпау шарасын таңдау туралы талап-арыз береді.
Басылымның мәліметінше, бұған дейін Мемлекеттік думаның депутаты Дмитрий Кузнецов Шумскийдің үстінен Бас прокуратураға, ФҚҚ мен Тергеу комитетіне бірнеше арыз жазған болатын. Ол зауыт басшысының Ресейдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін әрекеттері туралы мәліметтерді алғанын атап өтті. Атап айтқанда, депутат оны Кипрде тіркелген компаниялар арқылы қас елдерге жарылғыш заттарды жеткізді деп айыптады.