Польша ғылым академиясы мен Варшава университетінің ғалымдары COVID-19 әлемге таралуына «супер таратқыштартар» кінәлі деген қорытындыға келді. Бұл туралы Royal Society Open Science сайтында жарияланған зерттеуде айтылған.
Мамандар індеттің басында вирустың көбею индексін (бір науқастан жұқтыратын адамдардың саны) бағалады. Ол 2-ден 4-ге дейін болды. Алайда есептеудің жаңа моделін қолдана отырып, олар Қытай, Италия, Испания, Франция, Ұлыбритания және басқа елдерде науқастанғандардың саны экспонент бойынша артқан сәтте бұл индекс 11,4 дейін жетуі мүмкін деген қорытындыға келді.
Компьютерлік модельдеу арқылы ғалымдар вирустың таралуының екі кезеңін анықтады. Алдымен жұқтыру баяу жүреді, бірақ «супер таратқыштар» салдарынан оның қарқыны күрт өседі.
«Супер таратқыштар» деп әдеттегі жұқпалы ауруларға қарағанда адамдарды көп жұқтыратын ауруларды айтады. Бұл ретте олардың өздерінде ауру симптомсыз өтуі мүмкін.
Кейіннен COVID-19 деген атауға ие болған аурудың өршуі алғаш рет Қытайдың Ухань қаласында 2019 жылдың соңында анықталды. Аурудың қоздырғышы жаңа түрдегі коронавирус болды. 2020 жылдың басында Қытайда карантин енгізілді, бірақ соған қарамастан ауру елден тыс жерлерге тарады. Наурыз айында ДДҰ әлемдік ауқымдағы пандемия туралы жариялады.
Джонс Хопкинс университетінің 26 қыркүйек күні таңертеңгі мәліметінше, әлемде пандемия басталғалы бері коронавирус жұқтырған 32 406 883 оқиға тіркелді, 985 791 адам қаза тапты.
Әлем елдері арасында науқастанғандар саны бойынша АҚШ көш бастап тұр (жеті миллионнан астам адам), одан кейін Үндістан (5,8 миллион), үшінші орында Бразилия (4,66 миллион) тұр.