Украина билігі ресейліктердің әлем бойынша жүріп-тұруын шектеуді ұсынып отыр. Бұл үшін виза алуға өтініш бергенде Украина аумағындағы соғысты қолдайтыны не қолдамайтыны туралы сұрақты енгізу ұсынылады.
Сыртқы істер министрлігінің санкциялар жөніндегі арнайы өкілі Алексей Макеев әлем елдері Ресей азаматтарына арналған визалық сауалнамаға Украинадағы соғысты қолдау мәселесін енгізуі тиіс деп санайды.
«Европейская правданың» хабарлауынша, Макеев бұл туралы Politico-ға берген сұхбатында мәлімдеді.
«Біз осы геноцидтік соғысты қолдайтын ресейліктер — түрлі сауалнамалардың нәтижесі бойынша ресейліктердің 80%-дан астамы әлі де соғысты қолдайды — басқа елдерге еркін кіріп-шығуға шектеу қою керек», — деді СІМ өкілі.
Ол ресейліктерге виза алу үшін «ерекше режим» енгізуді ұсынды, бұл визаға құжаттарды тапсыру кезінде ресейлік азаматтар үшін жаңа сауалнаманы міндетті түрде толтыруды қарастырады.
Макеевтің айтуынша, сауалнамада РФ азаматтары Ресейдің соғыс қимылдарына қолдайтыны не қолдамайтынын және олар немесе олардың туыстары әскери қылмыс жасағаны не жасамағаны туралы жауап беруі тиіс. Сондай-ақ өтініш берушілердің соғысқа жауапты екенін немесе ішінара жауапты екенін сезіне ме деген сұрақтар болуы мүмкін.
СІМ-нің санкция мәселелері жөніндегі арнайы өкілі мұндай мәселелер ресейліктерді РФ президенті Владимир Путиннің іс-әрекеттері жөнінде сыни ойлауға және Ресей үкіметіне қысым жасауға алып келуі мүмкін деп санайды.
«Түптеп келгенде, Ресей халқына үкіметтің атқарып жатқан істері үшін ішінара жауапты екенін айтуға тиіспіз. Менің ойымша, бұл Ресей халқының оянып, жауапкершілік туралы ойланып, ел үкіметіне жүргізіп отырған саясатын өзгертуге итермелеуге ықпал етеді», — деп есептейді Алексей Макеев.
Ресейдің Украинаға кең ауқымды соғысы басталғаннан бері бірқатар мемлекеттер ресейліктерге, тіпті президент Александр Лукашенко Мәскеудің агрессиясын қолдағаны үшін белорустарға визалық шектеу қойды.
Еске салайық, 1 шілдеден бастап Украина Ресей азаматтарына визалық режим енгізген болатын.