Ресей Түркияның Сириядағы ықтимал әскери операциясын орынсыз деп санайтынын мәлімдеп, жағдайды бейбіт жолмен шешуге шақырды.
РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі жағдайды келіссөздер арқылы шешу қажет деп мәлімдеді.
Нұр-Сұлтанда Астана процесі аясында Сирия мәселесі бойынша келіссөздердің 18-ші раунды өтіп жатыр. РФ президентінің Сирия жөніндегі арнайы өкілі Александр Лаврентьев «Астана» процессінің келіссөздерінде Сириядағы жағдайды «жер бетінде» талқылау керектігін айтты, деп хабарлайды РИА «Новости».
Мәскеу Түркияның Сириядағы ықтимал әскери операциясын орынсыз деп, Анкараны мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырады.
«Бұл Түркия президентінің Сирияның солтүстігінде күрд құрылымдарына қарсы әскери операция жүргізу жөніндегі айтылған жоспарлары тұрғысынан ерекше маңызды. Біз бұл жағдайды тұрақсыздандыруға, шиеленістің ушығуына және елдегі қарулы қақтығыстың жаңа кезеңіне алып келетін ақылға қонымсыз қадам деп есептейміз», — деп мәлімдеді Александр Лаврентьев.
Ресейлік саясаткердің айтуынша, Мәскеу Анкараны бұл қадамнан бас тартып, барлық мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырады.