Қазақстан президентінің көмекшісі және ҚР Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне Ернар Баспаев тағайындалды.
Тиісті жарлық Ақорданың сайтында жарияланды.
Ернар Жеңісұлы Баспаев Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі лауазымына тағайындалсын, — делінген қаулы мәтінінде.
Бұған дейін осы лауазымды Тамара Дүйсенова атқарған болатын, ол 11 сәуірде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.
Ернар Баспаев Атырауда дүниеге келген. Алматы мемлекеттік заң академиясының түлегі. 2001 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ҚР Әділет министрлігі жанындағы Зияткерлік меншік құқығы жөніндегі комитетте және ҚР Жоғарғы сотында жұмыс істеді. Соңғы атқарған лауазымы — ҚР Жоғарғы Соты судьяларын қорғауды қамтамасыз ету қызметі секторының меңгерушісі.
2010 жылғы 7 сәуірден бастап ол Атырау облысы бойынша Әділет департаментінің басшысы болды.
2013 жылдан 2019 жылдың шілдесіне дейін — Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы.
2019 жылғы шілдеден бері — ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы.