Иран Үндістанға энерготасымалдағыштар жеткізу үшін рупиймен төлеуді ұсынып отыр. Әңгіме, атап айтқанда, шикі мұнай мен табиғи газ туралы болып отыр.
Бұл туралы дүйсенбі күні «Экономика таймс» газеті хабарлады.
«Иран Үндістанның энергетикалық қауіпсіздігіне жәрдемдесуге және оған шикі мұнай мен газды үндістандық рупиймен сатуға дайын», — деп басылым Иранның Үндістандағы елшісі Әли Чегенидің мәлімдемесін келтіреді.
Оның айтуынша, Иран Үндістанға қайтадан ірі мұнай жеткізушілердің біріне айналмақ. «Үндістанмен мұнайымызды және барлық сауданы рупиймен есептесуге көшіру елдерімізге үшінші тараптың делдалдығын болдырмауға және сауда айналымын $30 млрд-қа дейін ұлғайтуға көмектеседі», — деп атап өтті дипломат.
Тегеран Иран — Пәкістан — Үндістан газ құбырын салу жөніндегі жобаны іске асырудағы қиындықтарға байланысты табиғи газ жеткізудің баламалы жолдарын іздестіруде Үндістанмен тығыз әріптестік орнатуға дайын, деді Әли Чегени.
Вашингтон Тегеранмен ядролық келісімнен шығып, Иранға қарсы санкциялар енгізгеннен кейін Үндістанға мұнай жеткізу тоқтатылды. Бұған дейін Үндістан-Иран саудасында есеп айырысудың бартерлік механизмі болған — Үндістан Иран мұнайын рупиймен сатып алған, оны Иран банктері үндістандық тауарлардың импортын төлеуге пайдаланған.
Қазіргі уақытта Үндістан Ираннан несепнәр, мұнай-химия өнімдері мен азық-түлік тауарларын импорттайды. Иран үнді автомобильдерін, цемент, болат, ауыл шаруашылығы және фармацевтика тауарларын сатып алады. Ағымдағы 2021-2022 қаржы жылының он бір айында (31 наурызда аяқталады) қос елдің тауар айналымы шамамен $2 млрд құрады. 2019 жылы АҚШ Иранға қарсы санкциялар салғанға дейін ол $12 млрд-қа жеткен.