Қазақстандық ғалым Огай сынықтарды емдеудің жаңа тәсілін ойлап тапты.
Ұлттық биотехнология орталығының ғалымы бағаналы жасушаларын қолдану арқылы күрделі сынықтарды қалпына келтірудің бірегей технологиясын жасап шығарды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
«Ол сынықтар мен зақымдалған тізе буындарын емдеуді жеделдететін гидрогель ойлап тапты. Арнайы технологияның арқасында операциядан кейін 3-6 ай ішінде сүйек және шеміршек тіндері қалпына келеді. Клиникаға дейінгі сынақтардың нәтижелері препараттың тиімділігі жоғары екенін растады», — деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Ғалымның айтуынша, «сүйек ақауларын толықтай қалпына келтіру травматология мен ортопедиядағы күрделі және шешілмеген мәселелердің бірі болып қала береді».
Емдеу үшін сүйек алмастырғыштарын қолдана отырып, остеопластиканың әртүрлі әдістері жиі қолданылады. Бірақ бұл операцияның нәтижесінде сүйек әрдайым толық қалпына келмейді, — деді әзірлеме авторы, Ұлттық биотехнология орталығының бағаналы жасушалар зертханасының меңгерушісі, профессор Вячеслав Огай.