Рұқсат етілмеген наразылық акцияларына қатысқандарға қарсы арнайы құралдар қолданылды. Хабарланғандай, бүгін, 5 қаңтар күні таңертең «Алтын Орда» базары маңында полиция арнайы жасақтары шерушілерді тарату үшін жас ағызатын газ бен шулы гранаталарды қолданды, деп хабарлады Азаттық тілшісі.
Таңертеңгі сағат 8-дер шамасында базар маңында қоғамдық көліктер тоқтап, жолдар жабылған.Ол жаққа 200 шақты адам жиналып, қымбатшылыққа қарсы наразылық білдірді, Қазақстан әнұранын орындады. «80 мың айлық аламыз. Ештеңеге жетпейді. Азық-түліктің бәрі қымбат», — деді Азаттыққа наразылық білдірушілердің бірі.
Бұдан соң олар Қалқаманға қарай жылжыған, алайда жолда оларды полиция арнайы жасақтары күтіп алып, қоршап алды. Тәртіп сақшылары шерушілерді тарату үшін шулы граната, көзден жасын ағызатын газ қолданып, сондай-ақ резеңке оқ атты.
Шулы граната Райымбек көшесі бойындағы кейбір тұрғын үйлер маңында жарылып, кейбірінің терезесі шағылды. Жол бойындағы шағын полиция кеңселері де бүлінді. Шерушілер таңертең Райымбек – Момышұлына қарай жылжып барады.
Сейсенбі күні кешкісін қаланың әртүрлі аудандарында үкіметке қарсы шерушілер мен полиция арасында қақтығыстар болды. Алматыда түнгі толқудан кейін қоғамдық көлік жүрмей жатыр — бұл енгізілген ТЖ режимі аясындағы шаралардың бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар түнгі 01:30-дан бастап 19 қаңтар 00:00-ге дейін төтенше жағдай енгізді. Алматы мен елордада сейсенбі күні кешкісін мобильді интернет өшірілген.
4 қаңтар күні кешке Тоқаев азаматтық және әскери ведомствоның қызметтік ғимараттарына шабуыл жасауға шақыру заңсыз екенін ескертті. «Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек», — деп мәлімдеді Тоқаев. Президент Республика алаңында полиция шерушілерді тарату үшін арнайы құралдарды қолданғаннан кейін мәлімдеме жасады. Түнде алаң маңында шулы граната жарылғаны естілді.
ІІМ шеру кезінде қанша адам ұсталғанын және зардап шеккендер жайлы хабар берген жоқ. 5 қаңтар күні таңертең Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаладағы жағдай биліктің бақылауына алынғанын мәлімдеді. Әкімнің айтуынша, құқықтық тәртіп күштері «қаланың тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтау мақсатында құқық қорғау органдары қажетті шараларды қабылдауда».