Эфиопияның Ресейдегі дипломатиялық миссиясының басшысы АҚШ-тың үндеуіне қарамастан, ел билігі көтерілісшілермен келіссөздер жүргізбейтінін мәлімдеді.
Сондай-ақ, дипломат елде адам құқықтарының бұзылуына байланысты АҚШ-тың ықтимал санкцияларына қатысты түсініктеме берді.
«Эфиопия Тыграйды азат ету халықтық майданының (ТАХМ) көтерілісшілерімен диалог жүргізбейді, себебі оларды ел парламенті экстремист деп таныды», — деп мәлімдеді сұхбат кезінде Эфиопияның РФ-дағы елшісі Алемайех Теген Аргау, АҚШ-тың диалог арқылы Эфиопияның ішкі дағдарысты шешуге шақыруына түсініктеме бере отырып.
«Эфиопия Халық өкілдері кеңесі террористік деп таныған қарулы топтармен келіссөздер жүргізбейді. АҚШ және басқа да елдердің олармен диалог орнатуға шақыруы ақылға қонымсыз», — деді ол.
Дипломат сондай-ақ елде жанжалға қатысушылардың құқықтары бұзылуына байланысты АҚШ-тың ықтимал санкцияларына қатысты түсініктеме берді. «Санкциялар орынсыз. Біз санкцияларға үзілді-кесілді қарсымыз. Және халқымыз олардың ықтимал теріс әсерін еңсеру үшін қолдан келгенше барлық шараны қабылдайды. Біз санкция салынатын болса, соның салдарын қалай еңсеретінімізді ойлауымыз керек», — деп мәлімдеді ол.
Елшінің айтуынша, Эфиопия бұрынғысынша АҚШ-тың қос ел арасындағы дипломатиялық диалогқа құрметпен қарауға талап етеді және «жылы қарым-қатынаста қалғысы келеді». «Алайда, Эфиопия елдің егемендігіне нұқсан келтіретін қысымға жол бермейді», — деп баса айтты ол.