Петропавлда полицейлер 73 жастағы зейнеткерді тонаған күдіктіні іздестіруде

Солтүстік Қазақстан облысында қаскөй зейнеткерден 19 млн теңге салынған сөмкесін тартып алды.

Оқиға 21 желтоқсан күні кешкісін болған. Солнечный кентінің Тенистая көшесіндегі 5-үйдің жанында белгісіз қылмыскер 73 жастағы зейнеткердің 19 миллион сомасындағы ақшасы салынған сөмкесін тартып алып кеткен.

«Аталған факті ҚР ҚК 191-бабының 4-бөлігінің 2-пункті (Тонау) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Бұл мақсатта криминалдық полицияның тәжірибелі қызметкерлері енген алты топ құрылды, учаскелік полиция инспекторлары мен патрульдік полицияның жасақтары жұмылдырылды. Тонау жасалған аумақтағы әр үйдің ауласы, сондай-ақ жәбірленушінің таныстары тексерілуде», — деп СҚО БПД баспасөз қызметі хабарлады.

Қарт әйелдің айтуынша, ол қылмыскердің бет-жүзін есіне сақтай алмаған. Алайда шабуыл жасағанның бойы шамамен 170 сантиметр, сырт киімінің ұзындығы белге дейін болғанын айтып берді.

Добавить комментарий