Ресейдің сот алқасы қазақстандық студенттің өліміне қатысы бар Муртузали Меджидовке қатысты шығарылған бірінші сатыдағы соттың ақтау үкімінің күшін жойды.
Бұған тергеу эксперименттерінің хаттамалсын зерттеуден бас тартуы және Томиристің анасын сот залынан шығарып жіберуі негіз болды.
Салдарына ол өзінің дәлелдері мен айғақтарын толықтай келтіре алмаған.
Дағыстандық шенеуніктің ұлы Муртузали Меджидовке шығарылған ақтау үкімінің күші жойылды. Іс қайта қарауға жіберілді.
2018 жылдың 13 сәуірінде қазақстандық Томирис Байсафа МГИМО ғимаратының төртінші қабатының терезесінен құлап кеткен. Бойжеткен МГИМО халықаралық экономикалық қатынастар кафедрасының төртінші курсында оқып жүрген. Дәрігерлер бірнеше ота жасаған, алайда үш апта өткен соң ол ауруханада қайтыс болды. Ресей тергеу комитеті «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тергеу бастады. Кейінірек істі «Кісі өлтіру» бабы бойынша саралады.
Екі жылдан кейін 2020 жылдың 28 шілдесінде Мәскеуде Дағыстанның экс-премьерінің ұлы Муртузали Меджидов ұсталды. Тергеу мәліметтері бойынша, Меджидов қызды ұрып-соғып, терезеден итерген.
Муртузали Меджидовтен тергеудің бастапқы сатысында жауап алынған. Қайғылы оқиға болған күні ол Томириспен бір аудиторияда болып, екеуі ұрсысып қалған деседі. Бірақ оған еш дәлел табылмай, өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, Томиристің анасы Ресей Тергеу комитетінің басшысына МГИМО проректорына қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрады.