Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға ресми сапары аясында Брюссельге келді.
Ақорданың баспасөз қызметі Мемлекет басшысының Бельгия королі Филипппен кездескенін хабарлады.
Мемлекет басшысы пандемиядан кейінгі Еуропаға алғашқы сапарына ерекше мән беретінін атап өтті. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықтың саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті проблемалар жөнінде пікір алмасты.
«Елдеріміз арасындағы түрлі саладағы өзара ықпалдастық кеңейіп келе жатыр. Бұған біздің елімізге үш рет келген Сіздің қосқан үлесіңіз зор», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда кейінгі жылдары жүргізіліп жатқан саяси реформаларға арнайы тоқталды. Бельгия Королі елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар мен экономикалық және гуманитарлық саладағы жұмыстар туралы мәліметтерді қызығушылықпен қабылдады.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытатын перспективалы бағыттарды атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылдың қыркүйек айында елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтетінін айтты. Сол маңызды іс-шараға Король Филипп те қатысады деп үміттенетінін жеткізді.
25 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Корольдігіне ресми сапармен келді. Мемлекет басшысы екі күндік сапары аясында Брюссельде Бельгияның және Еуропалық Одақтың басшылығымен кездесулер өткізеді деп жоспарланған.