Орал: Балалар үйінде тәрбиеленгендер өздеріне тиесілі пәтерлерін беруді талап етті

Оралда балалар үйінде тәрбиеленгендер ескі «Шаңырақ» жатақханасында тұруға мәжбүр.

Кеше, ағымдағы жылдың 25 қазанында олар өздеріне заң бойынша тиесілі пәтерлерін беруді талап етті.

Олар дүйсенбі күні Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне бармақ болып, журналистерге өз ниеттерін білдірген, алайда билік өкілдері «Шаңыраққа» өздері келді.

«Бізге бірінші рет осылай көңіл бөліп жатыр», — деді қала әкімдігі шенеуніктерінің келуі жөнінде айтқан «Шаңырақта» өмір сүріп жатқан тұрғындардың бірі Меңсұлу Танташова.

«Шаңырақта» жүзден астам адам тұрады. Көбі үйленіп, бала-шағалы болған отбасылар, бірақ әлі күнге дейін пәтер ала алмай келеді.

«Мен 2011 жылдан бері кезекте тұрмын. Қазір менің алдымда пәтер жалға алуға 600-ден астам адам бар, оны қашан алатыным белгісіз. Мұнда 2015 жылдан бері тұрып келеміз. Шынымды айтсам, жылына үш-төрт адам ғана пәтер алады. Біз талай рет сандалып әкімдікке, білім басқармасына барғанбыз, бірақ нәтиже жоқ — тозып, құлайын деп тұрған жатақхана ғимаратында тұрып жатырмыз. Бұл ғимарат апатты жағдайда», — дейді Танташова.

Балалар үйінде тәрбиеленгендер апатты жағдайда тұрған 12 шаршы метрлік пәтерде тұрып жатыр

Ата-анасының қамқорлығын көрмей өскендер өздеріне тиесілі баспанасын ала алмай отыр. Көбі отбасы мен балаларымен бірге 12 шаршы метр пәтерде тұрып жатыр. Бұл ретте бір қабатта дәретхана және су алатын бір раковина бар.

Олар биліктен баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мұлқай «мәселені комиссия шешеді» деп жауап берді. Жатақхананың бірнеше тұрғынын комиссия құрамына кіруге шақырды.

Шенеуніктер уәде беріп құтылмақ: комиссия құру мәселесі

«Жыл сайын «ата-анасыз балалар» санаты бойынша бөлу әдістемесіне сәйкес шамамен 20-25 пәтер жалға береміз. Қазір «Шаңырақ» тұрғындарын жаңа пәтерлерге қоныстандыру мәселесі тұр. Бізде екі нұсқа бар: жеке баспана беру және жаңа жатақхана салу. Қай бағытта жұмыс істейтінімізді анықтап, шешім қабылдауымыз керек», — деді Мирас Мұлқай.

Оның айтуынша, Оралда тұрғын үй кезегінде балалар үйінен шыққан 1889 адам тұр.Дегенмен «кезек неге баяу жылжып жатыр» деген сұраққа жауап бере алмады.

Қазақстанда балалар үйінде тәрбиеленгендер баспана мәселесін жиі көтереді. Жергілікті билік, әдетте әлеуметтік баспананы пайдалануға беру қарқыны сұранысқа байланысты төмен екенін, сол себепті мыңдаған адам пәтер кезегінде тұрғанын айтады.

Добавить комментарий