Қазақстанда жұмыртқа бағасы қымбаттайды деп күтілуде. Бұл жем-азық бағасының өсуіне байланысты, сонымен қатар мемлекет 2022 жылдан бастап субсидияны тоқтатуды жоспарлап отыр.
Жаңа жылдан бастап он дана жұмыртқаның бағасы бірден 700 теңгеге дейін өсуі мүмкін, деп есептейді фермерлер. Себебі, үкімет жұмыртқа бағасын еркін айналымға жібереді.
Келесі жылдан бастап мемлекеттен жұмыртқа өндірісіне берілетін субсидия толығымен тоқтатылады. СҚО-да кәсіпкерлер мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейді деп шағымданып отыр, құс фабрикаларының қожайындары енді бағаны екі есеге көтеруге тура келеді деп отыр.
Жұмыртқа өндіру — қауіпті бизнес, онымен небәрі бес құс фабрикасы айналысады.
Солтүстіктегі 35 құс фабрикасының бесеуі ғана жұмыртқа өндірумен айналысады. Құс өсіруге және жұмыртқа шығаруға жұмсалатын шығын көп болуына байланысты бұл салаға көп адам жақындай бермейді. Биылдың өзінде жем-азық екі есеге қымбаттады, ал дизель отынының бағасы бір жарым есеге өсті. Егер жаңа жылдан бастап субсидияны алып тастаса, онда жұмыртқа бағасы екі есеге өседі.
«Қазір бір жұмыртқаның бағасы — 35 теңгеден басталады. Ал егер субсидияны алып тастаса, онда кем дегенде 50 теңгеден сатамыз», — деп атап өтті құс фабрикасы директорының орынбасары Александр Чесноков.
Бұған дейін мемлекет құс фабрикаларына бір дана жұмыртқа үшін үш теңге субсидия төлесе, ал былтырдан бастап субсидия екі есеге қысқарды. 2022 жылдан бастап жұмыртқа өндірісіне субсидиялар мүлдем төленбейді. Бұл елде жұмыртқа тұтыну бойынша сұраныс пен ұсыныстың артуымен байланысты.
«Егер Ауыл шаруашылығы министрлігінің ережесіне өзгеріс енгізілмесе, биылдан бастап жұмыртқаға субсидия төлемейміз. Біз жұмыртқа бағасын еркін айналымға жібереміз. Бұдан былай бағаны нарықтың өзі реттеуі тиіс», — дейді СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Уәлібеков.
Құс өсірушілер одағы Үкіметтің жұмыртқаға төленетін субсидияны тоқтату туралы шешіміне қатысты пікір білдірді
Құс өсірушілер одағы фермерлердің шілде айынан бері жұмыртқаға субсидия алмағанын мәлімдеді. Жергілікті әкімдіктер ақша жоқ деп отыр. ҚР Құс өсірушілер одағының президенті Руслан Шәріповтың айтуынша, көптеген құс фабрикалары әлі күнге дейін субсидиясыз жұмыс істей алмай келеді.
«35-40 теңгеден сатылып жатыр. Бұл жем-азыққа жұмсалатын шығынды ақтамайды. Қай инвестор шығынға жұмыс істегісі келеді? Ертең оны жабады. Біз бір-ақ күнде 30 жыл жұмыс істеген өндірістен айырыламыз», — деп атап өтті Шәріпов.
Қазақстанда қазірдің өзінде он құс фабрикасы жабылып қалды. Жем-азық пен жанармай қымбатшылығы кәсіпкерлерге кері әсерін тигізді. Егер жаңа жылдан бастап субсидия төленбесе, онда он дана жұмыртқаның бағасы 700 теңгеге дейін өседі және фабрикалардың жартысы банкротқа ұшырайды, деп есептейді мамандар.