ҚР ҰҚК баспасөз қызметі заңсыз көші-қон арнасының анықталғанын хабарлады.
Атап айтқанда, ҰҚКД Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті Шекара қызметімен бірлесе Петропавл қаласының тұрғындары ұйымдастырған заңсыз көші-қон арнасының жолын кесті.
Ұйымдасқан қылмыстық топ жалған құжат жасаған.
Арнайы қызмет өкілдері тұрғын үйде жалған құжаттарды жасайтын жасырын цех ашылғанын анықтады. Атап айтқанда, мұнда 026/у нысанына сәйкес диагноз бен емделу мерзімін растау үшін аумақтық амбулаториялық-емханалық ұйымның дәрігерлік-консультациялық комиссиясының қорытындылары, шетел медициналық ұйымдарынан емделуге шақыру хаттар, ПТР-тестілер жасалды.
Күдіктілер короновирус пандемиясына байланысты карантиндік шектеулер қолданылған кезеңде Ресей Федерациясымен мемлекеттік шекараны кедергісіз кесіп өту үшін Қазақстан Республикасының азаматтарына ақшалай сыйақы үшін ұсынған.
«Жүргізілген тінтулер барысында қазақстандық және ресейлік медициналық ұйымдардың мөрлері, облыстың клиникалық-диагностикалық зертханасы мен емханасының ПТР-тестілерінің қорытындылары тәркіленді», — деп хабарлады ҰҚК.
ҚР ҚК-нің 394-бабы 2-бөлігі (Заңсыз көші-қон ұйымы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.