КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан мен Ресейдің экономикалық ынтымақтастығы ағымдағы ғасырдың басына дейін екіжақты келісімшарттар мен уағдаластықтар негізінде жемісті болды. Ресейді Горбачев пен Ельцин басқарғанда олар Орталық Азия елдерімен интеграциялық процестерге аса қызығушылық танытпады.
Ресей Федерациясының президенті болып Владимир Путин сайланғаннан кейін жағдай түбегейлі өзгерді. Путин және тағы төрт елдің президенті (Александр Лукашенко, Нұрсұлтан Назарбаев, Асқар Ақаев, Эмомали Рахмон) 2000 жылы ҚР астанасында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы Шартқа қол қойды. Бұл экономикалық қауымдастық РФ мен ҚР арасындағы түрлі халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтастықтың негізін қалады. Нәтижесінде 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ құрылды, оның құрамына Ресей, Қазақстан, Армения, Беларусь кірді. ЕАЭО-ның басты міндеті барлық мүше елдер арасында тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету болды.
Батыс сарапшыларының басым бөлігі Қазақстан осы Одаққа қосылу туралы шешімі қате екенін атап өтті, себебі ЕАЭО-ға мүше болу тек Мәскеуге ғана тиімді. Сарапшылар дәлел ретінде Ресейдің экономикалық ұйымның басқа мүшелерімен салыстырғанда әскери күші және экономикалық жағынан қуатты екендігін, сондықтан одақта өз сөзін жүргізетін жағдайға ие болатынын айтады.
Қазақстандық статистиктердің мәліметінше, ЕАЭО құрылған соң алғашқы жылдан кейін Қазақстанның мүше елдерге экспорты $4 млрд 886,8 млн құрағаны белгілі болды, өз кезегінде сол елдерден импорт $10 млрд 885,4 млн болды.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан бюджетінің кірісі 5,7 трлн теңгені, ал шығысы 7,2 трлн теңгені құрады. Осылайша, дефицит 1,5 трлн теңгені немесе $3,6 млрд құрады. Еуразиялық экономикалық комиссияның статистикасы бойынша, бұл ЕАЭО-дағы ең жоғары деңгей болып табылады. Ресей Одақтағы бюджет профицитін алған жалғыз ел болды. Есепті кезеңде көрсеткіш 774,7 млрд рубльге немесе $10,4 млрд-қа жетті.