Қазақстан үкіметі әліпбиді өзгерту мәселесін бұрыннан көтеріп келеді. Мұндай идеяны 2006 жылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Тек 10 жылдан астам уақыт өткеннен кейін, 2017 жылғы қазан айында Назарбаев кириллицадан латын әліпбиіне көшіру туралы жарлыққа қол қойды.
Қазақстан билігі бастапқыда асықпай, 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшуді кезең-кезеңмен жүзеге асырмақ болды. Сондай-ақ, ел билігі 2023 жылдан бастап бастауыш мектепке баратын балалар латын әріптеріне бейімделген жаңа қазақ әліпбиімен білім алады деп шешті. Латын әліпбиіне көшуді үкімет бірінші кезекте мемлекет пен қоғамдық сананы жаңғыртудың алғашқы қадамы деп қарастырды.
Ресейде саяси тұлғалар ҚР билігінің шешімін құптамады. Латын әліпбиіне көшу ресейлік БАҚ-та сынға ушырады, Қазақстан Ресеймен және орыс тілімен байланысын үзбек деген де пікір айтылды.
Кейіннен Қазақстан билігі бұрынғыдан да батыл әрекет ете бастады және соңғы жылдары тіл мәселесі маңызды орын алатын ұлттық-патриоттық идеологияның нақты бағыты болды. Қазақстан үкіметі қазақ тілінің елдегі саяси және қоғамдық өмірде басты орынға шығатын уақыты келді деп шешті. Бірақ, мемлекет деңгейінде ешкім де орыс тілінің беделін түсірмейді және оған тыйым салмайды немесе азаматтардың тілдік қағидаты бойынша құқықтарын шектемейді.
Ресейлік интернет-ресурстардың бірінде Еуразиялық сараптамалық клубының басшысы Никита Мендковичтің мақаласы жарық көрді.
Аталған мақалада Қазақстан билігі орыс тілі мен кириллицаға шабуыл жасап жатқаны айтылған. Соңғы мәлімет бойынша қазақстандық университеттерде студенттердің 34%-дан астамы орыс тілінде білім алуда, ал оқушыларға келетін болсақ, 2014 жылмен салыстырғанда орыс сыныптарында орыс тілінде оқитын оқушылардың саны үш есеге артқанын айтады. Қазақстандықтардың қарым-қатынас тілін таңдау құқығы ел Конституциясында жазылған.